Алматы мектептерінің бірінде атақты Виктор Цойдың екі бірдей концерті өткен

Алматы мектептерінің бірінде  атақты Виктор Цойдың екі бірдей концерті өткен
Сурет: Dubikvit.livejournal.com

Қ.Сәтпаев атындағы №56 мектепте қарапайым сынып ішінде Виктор Цойдың концерті өткен.

Бұл туралы «Игла» фильмінде Архимед персонажын ойнаған Архимед Ысқақов өз естеліктерінде баяндайды:

- Ол кезде мен мектепте мұғалім болып істеп жүргем. Бұл туралы жасыру мүмкін болмаған соң, балалар менен «Сіздің Виктор Цойдың фильміне түсіп жатқаныңыз рас па?» - деп сұрады. Мен: «Рас», -дедім. – «Ол кісіден біздің мектепке келуін сұрауға бола ма?» - деді. Мен: «Ол жағын білмеймін, Виктордан сұрап көрейін, мүмкін, келіп те қалар», - дедім.

Викторға: «Сен менің мектеп жұмыс істейтінімді білесің ғой?» - дедім. Ол: «Иә», - деді.

«Менің оқушыларым сенің мектепке келгеніңді қалайды, жалпы, бұл мүмкін бе әлде жоқ па?» - деп едім, ол: «Әрине, оның еш қиындығы жоқ, тек біз мына жерден кеш босаймыз, кешкі тоғыздың уақыты кеш болмаса, сол уақытта барайын», - деді. Мен балаларға телефон соғып айттым, кеш болып кетпесе, тоғыздан кейін баратын болдық.

Жұмыс күні аяқталған соң, біз менің үйіме соғып, гитара алып, онымен 56-шы мектепке келдік. Кластың іші менің оқушыларыма лық толды, Виктор сынып ішіне кіріп келген кезде, оқушыларым сілейіп қатты да қалды. Олардың мұндай түрлерін бірінші рет көрдім. Ешқайсысы қыбыр етпеді. Балалардың аң-таң болғаны соншалық, екі сағат бойы ән айтқан Виктор оларды орындарынан қозғап, «оятуға» барынша тырысты, бірақ олар тіпті Цоймен амандасуға да жарамады. Викторға екі метр жақын отырған балалар сол сілейген күйі қатты да қалды.

Келесі күні мен Виктордан кешірім сұрадым. Оған: «Кеше балаларға не болғанын білмеймін», - дедім. Сыныпқа келгенімде, жаныма жақындаған балалар: «Сізден кешірім сұраймыз, кеше бізге не болғанын білмейміз. Мелшидік те қалдық. Виктордан оның тағы бір рет келуін өтінуге бола ма?» - деді. Мен: «Білмеймін, тағы сұрап көрейін», - дедім. Викторға келіп: «Витя, балалар сенен кешірім сұрап жатыр, мүмкін, сен тағы бір рет келерсің?» - дедім. Ол оны еш қиындығы жоқ екенін айтып, тағы да кешкісін жолығатын болдық.

Қарапайым мектеп сыныбының іші жүз елу адамға толды, олардың қатарында оқушылар, олардың ата-аналары, достары болды. Сол күні олар түнгі бірге дейін ән тыңдап, Викторға өздерінің сұрақтарын қойды.

Бірнеше жыл бұрын Фурманов (Жамбыл) көшесіндегі 56-шы мектептің төртінші қабатында сынып есігіне «1988 жылы осы сыныпта Виктор Цойдың екі концерті өткен» деген  естелік тақтайша орнатылды.