Алматы мектептерінде соңғы қоңырау соғылды

Алматы мектептерінде соңғы қоңырау соғылды
Inform.kz

Қаланың 295 мектебінде оқу жылының аяқталуына орай салтанатты жиындар өтті. Биылғы жылы мектепті 12 355 түлек бітірді, оның ішінде 613-і «Алтын белгіге», 973-і үздік аттестатқа үміткер, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

«Алда үлкен сынақ – мемлекеттік емтихан және ұлттық бірыңғай тестілеу. Осы сыннан барлығыңыздың сүрінбей өтуілеріңізге шын жүректен тілектеспін. Алған білімдеріңіздің арқасында сіздер әлемнің немесе еліміздің кез келген жоғары оқу орнын таңдай аласыздар. Тек Алматының өзінде 36 жоғары орны бар. Таңдаған оқу орындарыңызға түсіп, қалаған мамандық иесі болыңыздар», - деді Алматы әкімі шаһар түлектеріне арнаған үндеуінде.

Биылғы жылы 2022 жылғы 26 мамыр мен 17 маусым аралығында білім беру сапасын арттыру және пандемия мен шектеу шаралары кезеңінде жіберілген білімдегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында оқушылар үшін қосымша оқыту ұйымдастырылатын болады.

9, 11 сынып оқушылары үшін қорытынды емтихандар бекітілген кестеге сәйкес өткізіледі. 9 сыныптарда 28 мамырдан 6 маусым, ал 11 сыныптарда 27 мамыр мен 10 маусым аралығында өтеді. 11 сынып түлектері Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан тапсырады.

Биылғы жылдан  бастап талапкерлерге ҰБТ тапсыруға және грантқа түсуге екі мүмкіндік беріледі. Екі мүмкіндіктің көмегімен тек мамандандырылған пәндердің бір комбинациясын таңдауға болады. Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамырда басталып, 5 шілдеде аяқталады.