Алматы маңынан адасып кеткен шетелдік туристер табылды

Алматы маңынан адасып кеткен шетелдік туристер табылды
Сурет: Ratel.kz

Екі шетелдік турист Бельгия және Франция азаматтары екен.

Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, олар АҚШ байланысшыларының арқасында табылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ratel.kz- ке сілтеме жасап.

Сейсенбі, 23 наурыз күні, кешкі сағат сегізде Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің пультіне екі шетелдік туристің Еңбекшіқазақ ауданында Асы асуында Бартоғай су қоймасы маңында жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына дереу құтқарушылар жөнелтілді.

Қазақстанның әсем табиғатының көрікті жерлерін аралауды жоспарлаған 1987 жылы туған бұл азаматтардың жалдамалы көліктері бұзылып қалғаны белгілі болды. Олар көліктегі ақауды өз бетімен жөндей алмағандықтан, спутниктік байланыс арқылы құтқарушылардың көмегіне жүгінген.

«Спутниктік телефонның көмегімен «SOS» түймесін басу арқылы туристер координаттары мен олардың орналасқан өздерінің мекен-жайын жібере алған. Алғашқы көмек сұраған хабарламаны АҚШ-та байланыс қызметін көрсететін компания алған, кейін бұл хабарлама Қазақстан елшілігі арқылы Алматы қаласының дипломатиялық өкілдігіне жіберілді, ол өз кезегінде бұл хабарламаны Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментіне жеткізді», - дейді құтқарушылар.

Айтуларынша, түнгі бір жарымда төтенше жағдай орнына қызметкерлер мен техника жіберілген.

«Түнгі сағат 1:30-да ТЖД күштері (6 қызметкер мен 2 техника), Алматы қаласы жедел құтқару бөлімі (9 қызметкер және 2 техника, 1 кинологиялық бригада), Шелек ауылының жергілікті полиция қызметінің (5 қызметкер мен 2 техника) көмегімен туристер табылып, Алматыға жөнелтілді. Оларға медициналық көмек көрсетудің қажеті болған жоқ», - деп мәлімдеді облыстың Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.