Алматы лицейлерінің бірінен биыл 29 түлек «Алтын белгі» иегері атанды

Алматы лицейлерінің бірінен биыл 29 түлек «Алтын белгі» иегері атанды
Сурет: Ratel.kz

Тәуелсіз елдің білімді ұрпағы

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Алматы қалалық №178 мамандандырылған лицейінің 29 түлегі «Алтын белгі» иегері атанған. Дәл қазір оқу ордасында 1672 оқушы білім алып жатыр. Жаратылыстану мен математика пәндері бойынша лицей атынан қатысқан 16 баланың үшеуі республикалық кезеңге жолдама алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Біз бар күшімізді әр баланың бойындағы қасиеттерді ашуға жұмсап, көп еңбек етудеміз. 33 жыл еңбек жолымда тек осы физика дәрісімен, білімімді балаларға беріп келе жатырмын», – деді №178 мамандандырылған лицей мұғалімі, «Ы. Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Гүлнар Слямғалиева.

№178 мамандандырылған лицейдің педагогикалық ұжымында 174 мұғалім, оның ішінде 1 экономика ғылымының кандидаты, «Ы. Алтынсарин» төсбелгісін таққан 3 ұстаз бен 4 үздік педагог жұмыс істейді. Лицей директорының сөзінше, білім іздеген жастардың дамуы ұстаз біліктілігімен тікелей байланысты. 

«Оқушылардың арасында өте жоғары деңгейде білім сапасын көрсететін оқушылармыз жеткілікті. Мысалы, әр жылы 280, былтырғы оқу жылында 239 оқушы 11-сыныпты аяқтады», – деді №178 мамандандырылған лицей директоры Қайратбек Шәдиев.

Биыл Алматыда 30 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Сондай-ақ Алатау, Наурызбай және Түрксіб аудандарында 12600 орынға арналған 8 мемлекеттік мектеп салынып жатыр. Жоспар бойынша 3 жаңа мектеп жыл соңында қолданысқа берілмек.