Алматыда көлікті мас күйінде тізгіндеген жүргізуші полиция қызметкерін басып кетті

Алматыда көлікті мас күйінде тізгіндеген жүргізуші полиция қызметкерін басып кетті
Сурет: Polisia.kz

Мас жүргізуші полиция қызметкерін қағып кетті

Бұл факт түн ортасында орын алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Буран-227» патрульдік экипажы Қабанбай батыр көшесінде құқық қорғау қызметін атқару кезінде қарама-қарсы бағыттағы жолақта келе жатқан Hyundai автокөлігін байқады. Полиция қызметкерлерінің талаптарына көлік жүргізушісі мән бермеді. Керісінше, олардан қаша бастады. Бірден радиостанция арқылы патрульдік жасақтарға көрсетілген көлікке бағдар берілді және оның қозғалысының координаттары дереу таратылды. Талғар қаласының бағытындағы экологиялық постта қызмет етіп тұрған полиция аға лейтенанты Мейіржан Бисембаев құқық бұзушыны тоқтатуға тырысты, ол тоқтамастан, инспекторды толық жылдамдықпен қағып кетті. Екі аяғының сынуы, ішкі мүшелерінің жарылуы, бас сүйегінің жабық жарақатымен полиция қызметкері ауруханаға жатқызылды. Hyundai жүргізушісі ұсталды», – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров.

Құқық бұзушы – 1962 жылы туған У.есімді азамат. Оның көлікті мас күйінде басқарғаны анықталды.

Бұл факт ҚР ҚК-нің 346-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.