Алматы көшелерінде интернет-алаяқтар туралы ескертетін билбордтар пайда болды

Алматы көшелерінде интернет-алаяқтар туралы ескертетін билбордтар пайда болды
Сурет: Polisia.kz

«Интернет-алаяқтық – миф емес! Абай бол!».

Алматы полициясы азаматтарды қырағы және сақ болуға шақырады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алдын алудың тиімді әдістерінің бірі ретінде сыртқы жарнаманы пайдалану  жатады. Осыған орай, қала әкімдігінің қолдауымен Алматы көшелеріне алаяқтардың құрбаны болмау туралы кеңестер жазылған 20 тақырыптық ақпараттық баннерлер орнатылды. Алдағы уақытта электронды тақталар арқылы ақпараттандыруды іске қосу жоспарланып жатыр.

«Интернет желісі кеңістігінде алаяқтықтың алдын алу үшін қала полицейлері интернет-алаяқтардың көбейіп бара жатқанын ескертеді. Есіңізде болсын, банк қызметкерлері ешқашан сіздің картаңыздың деректемелерін сұрамайды, сонымен қатар телефоныңызға келетін кіру кодтарын айтуды талап етпейді. Мұндай жағдайларда телефонмен сөйлесуді тоқтатып, банк картасында немесе банктің сайтында көрсетілген сенім телефонына қайта қоңырау шалу керек. Көбінесе егде жастағы адамдар қаскөйлердің торына түсіп қалады», – дейді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.

Алаяқтардың құрбаны болмау үшін бірнеше кеңес: Ешбір жағдайда банктің телефоныңызға жіберген SMS-кодтарын, жеке деректеріңізді ешкімге айтпаңыз; Тауарды сатып алу немесе қызметтерді алу кезінде шектен тыс тәуекелге бой алдырмаңыз, сатушы мен тауардың өзін көруге тырысыңыз және оның қауіпсіз екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана төлем жасаңыз; Төлем карталары мен жеке басын куәландыратын құжаттардың суреттерін ешқашан бөгде адамдарға жібермеңіз; Банк қызметтеріне қатысты сұрақтар бойынша нөмірлері жалпыға қолжетімді, оның ішінде ресми сайттарда жарияланған банктердің CALL-орталықтарына тікелей хабарласуларыңызды сұраймыз; Интернет-алаяқтарының құрбаны болу қаупі туралы отбасыңыз бен достарыңызды ескертіңіз. Ұқсас жағдайларға тап болсаңыз, 102 пультіне немесе жақын жердегі полиция бөліміне хабарласыңыз.