Алматы қаласының педагогтары ҚР Оқу-ағарту министрімен кездесті

Алматы қаласының педагогтары ҚР Оқу-ағарту министрімен кездесті
сурет: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Білім сапасын арттыру өзекті мәселе болып қала береді.

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Алматыға жұмыс сапары барысында ұстаздармен және білім беру ұйымдарының басшыларымен кеңес өткізді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев пен Ғани Бейсембаев қол қойған Алматы қаласының білім беру жүйесін дамытудың жол картасы білім сапасын арттыруға, жайлы және қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуге бағытталған 80-нен астам іс-шараны қамтиды. Соның ішінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру және аттестациялау, мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарының мазмұнын жаңарту мәселелері бар.

«Білім сапасын арттыру, ұстаз мәртебесін одан әрі көтермелеу өзекті мәселе болып қала береді. 2020–2021 жылдары мектептердің жаңартылған бағдарламаларға көшуі аяқталды, білім беру ұйымдарын бағалау критерийлері енгізілді. Білім беру ұйымдары басшыларының республикалық кадр резервін жасақтау жоспарлануда», – деді министр.

Кездесу барысында арнайы білім беру, тәрбие жұмысы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды.

Ғани Бейсембаев жұмыс сапары барысында Абай атындағы дарынды балаларға арналған республикалық жалпы білім беретін мектеп-интернатының жұмысымен танысты. Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрі балалардың қауіпсіздігін тексеру мақсатында бірқатар білім беру ұйымдарын аралады.