Алматы қаласын дамытуға жыл басынан бері 135,6 млрд теңге инвестиция тартылды

Алматы қаласын дамытуға жыл басынан бері 135,6 млрд теңге инвестиция тартылды
Cурет: Ашық дереккөз

Инвестициялар әлеуметтік салаға, оның ішінде, денсаулық сақтауды, білім беруді және жаппай спортты дамытуға белсенді түрде тартылуда

Алматы қаласының негізгі капиталына үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларында 135,6 млрд. теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде 117,5 млрд. теңге - ішкі, 18,1 млрд. теңге - сыртқы инвестициялар. Бұл туралы Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Инвестициялар үш көзден: инвесторлардың жеке қаражаттарынан – 95,6 млрд. теңге (70,5%), қарыз қаражаттарынан – 22,8 млрд. теңге (16,8%), мемлекеттік бюджеттен – 17,1 млн. теңге (12,7%) тартылды.

Инвестицияның айтарлықтай көлемі жылжымайтын мүлікке – 73,3 млрд. теңге (үлесі – 59,8%), көтерме және бөлшек саудаға – 11,2 млрд. теңге (үлесі – 8,1%), өнеркәсіпке – 12,8 млрд. теңге (үлесі – 8,9%) тартылды.

Қазіргі уақытта, инвестициялар әлеуметтік салаға, оның ішінде, денсаулық сақтауды, білім беруді және жаппай спортты дамытуға белсенді түрде тартылуда. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Медеу ауданындағы жеке медициналық орталығы құрылысының пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау қолдау тапты. Жобаға 3 млрд. теңгеден астам инвестиция салынды, емхананың ашылуы 2022 жылғы сәуірге жоспарланып отыр.