Алматы қаласы қоғамдық кеңес мүшелері шаһардың даму жоспарына атсалысуға шақырды

Алматы қаласы қоғамдық кеңес мүшелері шаһардың даму жоспарына атсалысуға шақырды
Сурет: Kazpravda.kz

Алматы әкімдігі «Алматы – адамдар үшін жаһандық қала» бағдарламасын әзірледі. 

Алматы әкімдігі «Алматы – адамдар үшін жаһандық қала» бағдарламасын әзірледі. Онда мегаполисті 2025 жылға дейін дамытудың негізгі басымдықтары мен 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар көрсетілген. Қала тұрғындары бағдарламамен танысып, өз ұсыныстарын «Алматыны дамыту орталығының» сайтында 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін қалдыра алады. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық кеңес мүшесі Борис Джапаров пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Алматы қаласының 2025-2030 жылдарға дейінгі орта мерзімді даму жоспарларының жобасымен қала жұртшылығын хабардар еткен қала әкімі Ерболат Досаев негізгі басымдылықтардың қатарына қоғамдық транспорт мәселелерін қойып отыр. Көпшіліктің көңілінен шығатын жоспарлы межелер қаладағы қоғамдық көліктердің барлық түрлерін қамтыған десек, қателеспесбіз. Әсіресе, «Алматы арена» мен «Халық арена» арасын Төле би көшесі арқылы қосатын жеңіл рельсті транспорт, жаңадан ашылатын электр күші және газбен жүретін 5 автобус парктері мен 5 газ құю бекеттерін, жүздеген жаңа автобустар, қала кіре берістеріндегі 4 жаңа паркинг алаңдары мен көлік-хабтарынының құрылысы, қала орталығынан Үлкен Алматы айналмалы автожолына тікелей шығатын 10-ға жуық радиалды көшелерді және тағы басқа жолдарды салу, т.б.

Әрине, жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа мәселелер мен кедергілер де туындайтыны анық. Сол себептен қала әкімі қала тұрғындарына ұсынылып отырылған жобаларды белсене талқылап, келесі айдың 5-не дейін өз ұсыныстарын ресми білдіруге шақырды.

"Бірге пішкен тон келте болмас" деген. Осыған орай барша алматылықтарды қоғамдық көліктің алдымыздағы 8 жылға арналған даму жоспарымен жете танысып, өз ойларыңызды ашық білдіруге шақырамыз"– деді ол.

Айта кетейік, Алматы әкімдігі «Алматы – адамдар үшін жаһандық қала» бағдарламасын әзірледі. Жоба жеті бөлімнен тұрады, олар: «Жайлы қалалық орта», «Тұрақты экономикалық өсу», «Басқарылатын урбанизация», «Әлеуметтік орнықтылық пен тұрақтылық», «Жасыл Алматы», «Смарт сити», «Қауіпсіз қала».

Алматыны кеңістіктік дамытудың негізгі міндеті – жайлы қалалық орта құру және қаланың барлық аудандарында өмір сүру сапасын арттыру. Ол үшін үш басым бастама айқындалды: Алматыны көпорталықты дамыту, қоғамдық көліктің дамыған жүйесі және аудандардың байланыстылығы, жаңа тарифтік саясатты енгізу және шығындарды азайту арқылы ТКШ қызметтерінің сапасын жақсарту.