Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінде 250- ден астам бос жұмыс орны бар

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінде 250- ден астам бос жұмыс орны бар
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Алматы департаменті өрт сөндірушілерді жұмысқа шақырады.

Бұл туралы онлайн брифинг барысында департаменттің кадр саясаты бөлімінің басшысы Ақжолтай Әбіләзімов мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Оның айтуынша, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығына сәйкес, осы жылдың басынан бері Алматы қаласы ТЖД-нің өрт сөндіру мен апаттық қызметінде штаттық жұмыс орны артты.

«Осыған байланысты қатардағы және кiшi басқарушы құрамды қосқанда 250-ден астам бос орын бар. Атап айтқанда, өрт сөндірушілер мен жүргізушілер», - дейді спикер.

Сонымен қатар ол азаматтық қорғау органдарына жұмысшылар қандай тәртіппен іріктеп алтынатынын айтып берді.

«Біздің қызметке 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтар жұмысқа орналаса алады. Олар әскери борышын өтеген немесе ҚР-ның заңына сай әскери міндетін кейінге шегерген болуы керек. Білімі орташадан төмен болмауы керек. Сондай-ақ кәсіпкерлікпен айналыспайтын және қылмыстық жауапқа тартылмаған болуы шарт. Азамат өзінің жеке және іскерлік қасиеттерімен дене дайындығы мен денсаулық жағдайы бойынша өзіне жүктелген қызметтік міндеттерді орындауға қабілетті болуы керек», - дейді Ақжолтай Әбіләзімов.

Кадр саясаты бөлімінің басшысы қызметке кіру үшін азаматтар ҚР «Құқық қорғау қызметі туралы» заңында айқындалған біліктілік талаптарына сәйкес келуі қажет екенін атап өтті.

"Азаматтарды қызметке іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын білуге тест тапсыру, әскери-дәрігерлік комиссиядан өту, дене шынықтыру даярлығы нормативтерін тапсыру. Барлық кезеңдерден ойдағыдай өткен үміткер бастапқы кәсіби дайындықтан өту үшін Алматы қаласында орналасқан Оқу орталығына жіберіледі. Оқу орталығына қатысып жатқандар үш уақыт тамақпен және жатын орынмен қамтамасыз етіледі. Оған қоса 113 000 - 117 000 теңге көлемінде еңбекақы төленеді", - деді спикер.

Өрт сөндірушілер үшін бастапқы кәсіби дайындық - 35 күнтізбе күні. Жүргізушілер үшін – 14 күн, өзге қызметтер бойынша – 7 күн. «Азаматтық қорғау органдарындағы жұмысқа қызығушылық танытқандар болса, онда Алматы қаласы, Қонаев көшесі, 132 мекенжайы бойынша орналасқан Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметіні» кадр саясаты бөліміне немесе 8 (727) 261-28-92 телефоны бойынша хабарласуға болады», - дейді департамент өкілі.