Алматы фестивалі: Түрлі ұлт өкілдері қазақтың музыка аспаптарында ойнады

Алматы фестивалі: Түрлі ұлт өкілдері қазақтың музыка аспаптарында ойнады
Сурет: Министрлік

Өнеріміз саған – Қазақстан!

Қазақтың ұлттық аспаптарын жетік меңгеріп, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін ұлт өкілдері Алматыда өткен «Өнеріміз саған – Қазақстан!» атты музыка фестивалінде өнер көрсетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының сахнасында Олег Никитин домбырада Құрманғазының «Адай» күйін, Бабек Иылдырым қобызда «Қаракемер» күйін орындады. Денис Яковлев халық әні «Екі жиренді», опера әншісі Ангелина Югай «Қуанамын» әнін, Роксана Құрбанова халық әні «Арман-айды» көрермендердің ерекше қошеметіне бөлене отырып орындады. Сондай-ақ басқа да артистер тамаша өнер көрсетті.

Концерттік бағдарлама Игорь Благодарныйдың орындауындағы «Атамекен» әнімен аяқталды.

«Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстанда тұратын этникалық топтар арасында қазақ халқының өнері мен мәдениетін жан-жақты насихаттау, орындаушылардың кәсіби шеберлігін арттыру», - делінген министрлік хабарламасында.