Алматы - еліміздегі ластану деңгейі жоғары қалалар қатарында

Алматы -  еліміздегі ластану деңгейі жоғары қалалар қатарында
Сурет: Inform.kz

Еліміз бойынша ауасы лас 10 қала аталды

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов еліміз бойынша ластану деңгейі жоғары қалаларды атады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап. 

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі экологиялық проблемаларға, әсіресе, ауа сапасына баса назар аударуды тапсырды. Осы орайда неғұрлым ластанған 10 қаланы газдандыру және баламалы энергия көздеріне көшіру қажет. Қазгидрометтің экологиялық мониторингіне сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша 45 өнеркәсібі бар 10 қала атмосфералық ауаның жоғары ластану деңгейіне жататыны көрсетілді. Бұл Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қаласы», - деді З. Жолдасов.

Сонымен қатар комитет басшысы республикалық маңызы бар қалалардағы ауаның ластану салдарын атап берді. Оның айтуынша, Алматы мен Нұр-Сұлтан сияқты ірі қалаларда ластанудың негізгі пайызы жылу көздеріне (қазандықтар), автокөлік пен жеке секторларға тиесілі. Өскемен және Теміртау қаласында ауа көбіне көп өнеркәсіп орындары есебінен ластанады. Ал Ақтөбе және Атырау қаласы бойынша ескірген кәріз жүйесі ауаның ластануына әкеліп отырған көрінеді.