Алматы дәрігерлері 30 литр қан тапсырды

Алматы дәрігерлері 30 литр қан тапсырды
almaty-akshamy.kz

Алматы қалалық Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында кезекті Донор күні науқаны өтті. Қалалық қан орталығымен бірлесіп ұйымдастырылатын мұндай акция ауруханада жыл сайын өткізіледі.

Қалалық Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бас дәрігері Алмаз Джувашев бастаған аурухана ұжымы бұл бастаманы тағы бір қолдап, донор атанды.

Дәрігерлер мен медицина мамандары басқалардың өмірін сақтап қалу үшін үнемі қан тапсырудың маңыздылығын түсінеді. Сонымен қатар, донорлық донордың денсаулығын сақтауға, иммунитетті арттыруға және қанның жағдайын жақсартуға көмектеседі.

Донор күні науқаны – қанға мұқтаж жандарға көмектесу ғана емес, сонымен қатар әрқайсымыздың денсаулығымызды тексеру мүмкіндігі. Қалалық қан орталығы қызметкерлерінің айтуынша, әрбір донор өз қанының босқа кетпейтініне және біреудің өмірін сақтап қалуға көмектесетініне сенімді бола алады.

Былтыр қазанда аурухананың 45 қызметкері 22 литр қан тапсырса, бүгінгі науқанға 66 адам қатысты. Акцияға қатысушылардың қатарында бұған дейін де бірнеше рет қан тапсырған қызметкерлер мен мұндай мәнді де игі істі алғаш рет қолға алған донорлар да бар. Аурухана қызметкерлері бұл күні барлығы 30 литр қан тапсырды.

Аурухана әкімшілігі қалалық қан орталығына аурухана қызметкерлеріне ешқайда шықпай, жұмыс орнында қан тапсыруға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді.