Аманжолов университетінің студенттері Тәуелсіздікке өлең арнады

Аманжолов университетінің студенттері Тәуелсіздікке өлең арнады Сурет: Qazaqstan3d.kz

Алда келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесіне орай еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі іс-шаралар кешені ұйымдастырылып жатыр.


Осындай бір тамаша шара С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры, профессор Төлеген Мұхтар Әділбекұлының қолдауымен құрылған «Семсер» ақындар мектебінде өтті.


Студенттер Тәуелсіздік күні мен Демократиялық жаңғыру күніне арнап өлең-жырдан шашу шашты. Соның бір парасын Алматының бас басылымы «Almaty aqshamy» газетіне жолдапты.



Бекарыс СЕКЕН,


С.Аманжолов атындағы ШҚУ-нің 2-курс студенті.


           ТӘУЕЛСІЗДІК


Аңсағаны осы емес пе азат күн?!


Бодандықта бұғауланған қазақтың.


Гүлге оранып гүлденсе де қанды алаң,


Күрмеуінен тарқамайды азап мұң.


 


Дәмін татпай еркіндіктің тәтті нұр,


Азаттықтың таңы атқан ба, көп ғұмыр?!


Шырылдаған шыбын жанға қарамай,


Қыршын жастың қабырғасын сөкті бір.


 


Қара жерім қанға тоймай ұл-қыздың,


Маңдайдағы сөніп кетті жұлдызым.


«Еске алсын!» деп келер ұрпақ алдына,


Орнатылды олар үшін «Құр мүсін».


 


Ләззаттардың көз жасына қанбаған,


Қасіретсің қанға толған қанды алаң.


Тең келмейтін теңдессізсің, Азаттық!


Бұл өмірде бұдан басқа бар ма мән?!


 


Аямадың елдің жанын мүшкілін,


Сексен алты талай нәубет құштырдың.


Көрді дәуір Қайраттардың көзінен


Егемен ел, тәуелсіздік ұшқынын.


 


Міне, бүгін, еркіндігім еңселі,


Еркіндіктің жоқ өмірде өлшемі!


Сүйіп өтем соңғы демім қалғанша,


Қазақстаным, мен сені!



Айбар РАМАЗАН,


С.Аманжолов атындағы ШҚУ-нің 3-курс студенті


 


ЖЕЛТОҚСАН ЖАҢҒЫРЫҒЫ


 Бабалардың арманы ғасыр күткен,


Егемендік ел үшін асыл тіптен.


Аналары сен үшін тақым қысып,


Балалары бәйгеге басын тіккен.


 


Сан ғасыр ойыңа алып армандаған,


Қалайды екен тәуелсіз таңдарды адам.


Болғаны анық Желтоқсан жаңғырығы,


Таңбаланып тарихта қалған бағаң.


 


Белгілі ғой тарихта бағаң бары,


Егемендік - елімнің бар арманы.


Соңғы нүкте қоям деп есте қалды,


Мәңгілікке жас жандар алаңдағы.


 


Жаралғандай жандармыз ізгіліктен,


Қауып төнсе, қашпаймыз біз бүліктен.


Жиырманың болыпты маңайында,


Түйір жанын тәрк еткен қыз-жігіттер.


 


Дос болғанға сыйласар ар-ибамыз,


"Қас қылғанға қарсы шап" - қағидамыз.


«Бөрікті қазағым!» деп атой салған,


Болыпты он алтыда Сәбира қыз.


 


Елдікті жақындатты алыстаған,


Нағыз ерде қашанда намыс болар.


Ерлерді ұмытпайық, ұлықтайық,


Еліме егемендік табыстаған.


 


Қазағым таусылмасын отты ойларың,


Елдіктің мерекесін көп тойлағын.


Тілің, дінің сақтаулы болсын, елім,


Көрсін елім көгінен Көк байрағын!



Ернұр ЖҰМАТАЙ,


С.Аманжолов атындағы ШҚУ-нің 3-курс студенті


 


        ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН


Ақтардым ақ параққа тәуелсіздік кемелін,


Аңсатқан талай жанның ақ арманы сен едің.


Атыңды ұрандатқан қан майданда бабалар,


Алтын әріп, алтын сөз биік ұста, өренім.


 


Қаным қазақ, қайсар елміз, сүйгеніміз бостандық,


Арлы есім, текті ұлт, атыңды айтам аспан ғып.


Тарихым бар, мақтанамын ел қорғаған батырмен,


Бүгінгі күн ұрпағы, елге қылма қастандық.


 


Талай балаң шырқады Ту көтеріп ұранмен,


Азаттықты тербетті, асқақтатып жыр-әнмен.


Жаса қазақ, жасай бергін, танылшы бар әлемге,


Бостандықтың символы – барыс пенен қыранмен.


 


Атың мәшһүр өзгелерге байлығыңмен киелі,


Өзге ұлттың өзі де Отаным деп сүйеді.


Құт дарыған бұл мекенім - Тәуелсіздік ордасы,


Ұшқан құс пен өскен гүл де басын саған иеді.


 


Ұлан-ғайыр жерім бар, Жерұйығым мекенім,


Көк Туыңды көтеруді мен де арман етемін.


Көк бөріміз, бодан болу қазағыма тән емес,


Бөрі болсақ, білу керек ол да еркін екенін.



САНЖАР СҰЛТАНҒАЗЫ


С.Аманжолов атындағы ШҚУ-нің 2-курс студенті


                   


  ҚАЗАҚ ДЕГЕН...


 Сүй жүрегім,  барлығын сүй, азына,


Қопарыл да,


Тереңдей бер


Қазыла.


Тілмен айтып жеткізе алмас,


Бар менде,


Байлық болып саналатын қазына!


 


Жүрегіме қонып қалған мекендеп,


Қазақ үшін жырмен жұмыс, өтеу көп!


ЕЛ дегенде ештеңені естімей,


Елеңдеймін «Халқым аман ба екен?! деп.


 


Өз ауылым - аппағым да мақтаным,


Белгілі ғой сенен бақыт тапқаным.


Қаладағы ваннадан да


Артықтау,


ТУҒАН ЖЕРДІҢ тұмасына батқаным.


 


Төсіме де мейлі батсын айыл-мұң,


АНА десе, ақ кілем боп жайылдым.


АНА десе, ақ басымды иілтіп,


Алдына оның жатуға да дайынмын.


 


Тұра алмаймын елім десе күймей тым,


Жан бар ме екен өз ұлтын да сүймейтін?


ҚАЗАҚ  деген бес әріп қой,


Бес саусақ,


Жұмылса егер, жердің бетін билейтін.


 


Отырғанда жан-жақ түгел жалақтай,


Шаба беру қиын, сірә, далақтай.


ТІЛ  дегенде қайыспаса қабырға,


Майысуға тура келер садақтай.


 


Ақындарсыз көктем мен, рас, күз өлмес,


Жазушы да болған жоқ-ты мінелмес.


Қазағымның тағдыры ол – ӘДЕБИЕТ,


Одан айнып,


Тағдырымыз түзелмес.


 


Өткен дейтін бүгінгінің дерегі,


Кешегілер бүгінгіге сенеді.


Бақыт қанша қымбат болса,


Соншалық,


Қайғыменен,


Қасіретпен келеді...



Мұхаммет ТІЛЕУБАЙ,


С.Аманжолов атындағы ШҚУ-нің 4-курс студенті


 


АЛМАТЫ - ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰРАҒЫСЫҢ!


 Айтайын, тыңдап көрсең жыр ағысын,


Жасырмай бүгін балаң қуанышын.


Көне шаһар, тарихтың көзі болған


АЛМАТЫ – ғасырлардың куәсісің.


 


Қамдаған талай ұлттың сұранысын,


Кенезесі кепкен жанға бұлағысың.


Желтоқсанның жандырған алаулы отын,


АЛМАТЫ – азаттықтың шырағысың.


 


Құрбан қылған Қайраттай қырағысын,


Ел мен жұрт айтады әлі мың алғысын.


Ақындардың шерленген өлеңімен,


АЛМАТЫ – бейбіт күннің жыр-әнісің.


 


Таппаған өмірінің бір мәнісін,


Арылар саған келсе күмәні шын.


Гүлденген әр күн сайын сұлу қала,


АЛМАТЫ – әсемдіктің сыңарысың.


 


Шығарған талай мықты, кіл арысын,


Жан қиған ұлтымыздың тіл, ары үшін.


Басталған егемендік таңы сенде,


АЛМАТЫ – Тәуелсіздік тұрағысың...


 


Студенттердің өлең-топтамасын әзірлеген


С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дің


«Семсер» ақындар мектебінің жетекшісі,


ақын Серік ҚҰСАНБАЕВ.



«Almaty-akshamу» №147 (6282) 13 желтоқсан, сейсенбі, 2022 жыл

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

23:08

22:54

22:42

20:45

20:38

20:24

19:58

19:38

18:50

18:41

18:25

18:07

17:53

17:41

17:28

17:10

17:09

16:34

16:25

16:18

16:09

16:07

15:22

14:48

14:38