Алматы Ауғанстандағы БҰҰ қызметкерлерін қабылдады

Алматы  Ауғанстандағы  БҰҰ  қызметкерлерін  қабылдады
Сурет: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Қызметкерлердің тұруы, кеңсе мен үй-жайларын жалға алуы және т.б. барлық шығындары толығымен БҰҰ-ның бюджетінен қаржыландырылады.

 Ауғанстандағы ішкі саяси ахуалдың шиеленісуіне байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымы өзінің Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясын және АИР-да аккредиттелген БҰҰ-ның басқа да агенттіктерін Алматы қаласына уақытша орналастыру туралы Қазақстанға өтініш білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Қазақстан мен БҰҰ-ның жан-жақты өзара іс-қимылы рухы шеңберінде және осы ұйымның толық құқықты мүшесі ретіндегі міндеттемелері аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ өтінішін қолдау туралы шешім қабылдады.

 СІМ Алматы Әкімдігі, құзыретті ведомстволар және қызметтермен бірлесіп, оларды орналастыру бойынша жедел түрде қажетті шараларды қабылдауда. Келген қызметкерлер халықаралық дипломаттар, БҰҰ паспорттары мен иммунитеттерінің иегерлері болып табылады.     

 Алматыда UNAMA және басқа да БҰҰ агенттіктерінің кеңселерін орналастыру және олардың одан әрі қызмет етуі уақытша, яғни Ауғанстандағы жағдай тұрақталғанға дейін, шамамен жарты жылға созылады деп күтілуде.