Алматы ауруханасында Астана күніне орай көп балалы әйелдерге тегін стоматологиялық қызмет көрсетілді

Алматы ауруханасында Астана күніне орай көп балалы әйелдерге тегін стоматологиялық қызмет көрсетілді
Сурет: Drjafari-clinic.asnaf.top

Стоматологтар көп балалы 40 ана мен мүмкіндігі шектеулі 20 баланы қабылдады.

Алматыдағы көп балалы қырық ана №5 қалалық клиникалық ауруханада тісін тегін емдеу мүмкіндігіне ие болды. Қайырымдылық акциясы Астана күніне орайластырылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Науқастарды 5-ші аурухананың үздік стоматологтары қабылдады. Медеу ауданы «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығының басшысы Толқын Саметованың айтуынша, халықтың әлеуметтік осал тобынан шыққан көптеген әйелдер стоматологиялық қызмет көрсету орталығына мұқтаж.

«Көп балалы әйелдер тіс емдеудің қымбат екенін айтады. Сол себепті мұқтаж жандарға көмектесуді шештік. Бұл шараға Медеу ауданы әкімдігі, Nur Otan партиясының ұжымы мен емхана басшылығы қолдау білдірді. Оларға үлкен алғыс білдіреміз. Бүгін стоматологтар көп балалы 40 ана мен мүмкіндігі шектеулі 20 баланы қабылдады. Бұл әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпорынның мысалы», – дейді Толқын Саметова.

Айта кетерлігі, «Бақытты отбасы» жобасы көп балалы отбасылардың балалары мен ата-аналарына, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топ өкілдеріне қызмет көрсетеді.

Бұған дейін Медеу ауданының көп балалы аналары №5 ҚКА бас дәрігері Болат Садықовпен кездесіп, онда халықтың әлеуметтік осал тобы үшін тегін стоматологиялық қызмет көрсету мәселелерін көтерген еді. Сөз соңында емделуге мұқтаж аналар мен Медеу ауданы балаларының тізімін жасау туралы шешім қабылданды.

Бұл акция көп балалы аналар үшін тісін емдетуге оң ықпал етуде.