Алматы академиясының тыңдаушылары ымдау тілін үйрене бастады

Алматы академиясының тыңдаушылары ымдау тілін үйрене бастады
Сурет: Polisia.kz

Бұл әлеуметтік тұрғыда академия тыңдаушыларының мүмкіндігі шектеулі азаматтармен іс-қимыл алгоритмін құруларына мүмкіндік береді.

ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясы – “KZ-2050 Ұлттық жобалау кеңсесінде” жобалық менеджментті дамыту жобаларын жүзеге асырып жатқан жалғыз оқу орны.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың полицияны бағалау өлшемдерін түбегейлі өзгерту, полиция қызметінің сервистік моделін одан әрі дамыту жөніндегі міндеттерін орындау барысында Ішкі істер министрінің тапсырмасымен М.Есболатов атындағы Алматы академиясында биылдан бастап бірінші рет мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу мақсатында ымдау тілін үйретуді көздеген жаңа кейс ашылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Себебі қызметтік міндеттерін атқару барысында полиция қызметкерлері ымдау тіліне мұқтаж жандармен де жиі бетпе-бет келеді.

Сондықтан да академияның оқу процесіне ымдау тілін оқыту бағдарламасы енгізіліп, бүгінде курсанттарға мүмкіндігі шектеулі адамдармен қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беретін сабақтар өткізілуде.

Оларға ең алдымен, “Қайырлы күн”, “Сәлеметсіз бе?”, “Құжаттарыңызды көрсетіңіз”, “Сізге қандай көмек керек?” деген сияқты сөздерді ыммен түсіндіру үйретілді.