Алматы академиясының ғалымдары “Болашақ” стипендиясын иеленді

Алматы академиясының ғалымдары “Болашақ” стипендиясын иеленді
Сурет: Polisia.kz

Өткен жылдың соңында республикалық комиссияның шешімімен 569 қазақстандыққа “Болашақ” бағдарламасы бойынша халықаралық стипендия тағайындалған болатын.

Бір қуаныштысы – стипендия иегерлері арасында ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының профессорлық-оқытушылық құрамының өкілдері де бар.

Киберқауіпсіздік және ақпараттық технологиялар кафедрасының бастығы, философия ғылымдарының докторы (PhD) А. Бекішев пен жедел іздестіру қызметі кафедрасының доценті, философия ғылымдарының докторы (PhD) Е. Насырова ақпан айынан бастап М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде ғылыми тағылымдамадан өтуде, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Олар ғылыми тағылымдама кезінде біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, ғылыми шараларға қатысады және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Академия ғалымдары тағылымдамадан өтіп жатқан заң факультеті М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде 1755 жылы құрылған. Бүгінде факультет заң ғылымының әртүрлі салаларында ғылыми-зерттеу жұмыстарының ауқымды бағдарламасын жүзеге асырады, Ресей заңнамасын жетілдіруге елеулі үлес қосатын факультет ғалымдары мемлекеттік және халықаралық органдарға құқықтық мәселелер бойынша ғылыми кеңес береді, заң жобаларын әзірлеуге қатысады.

Жуырда Алматы академиясы кәсіби білім беру факультетінің бастығы, заң ғылымдарының кандиаты Д. Еремеев аталған факультетке келіп, “Болашақ” бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтіп жатқан әріптестерімен әңгімелесті және заң факультетінің тарихымен, оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу қызметімен танысты. Сондай-ақ ол сапар барысында аталған факультет өкілдерімен өзара ынтымақтастық туралы мәселелері талқылады.