Алматы әуежайының аумағы жаңарады

Алматы әуежайының аумағы жаңарады
Суреттерді түсірген Қайрат ҚОНЫСБАЙ

Әр тұрғынның пікірі ескеріліп, нақты шаралар қолданылады

Таяуда Алматы халықаралық әуежайының Мәдениет үйінде жолаушыларға арналған жаңа терминалдың құрылыс барысын талқылауға арналған жиын өтті. Жиында әуежай басшылығының өкілдері, мамандар мен Түрксіб ауданының тұрғындары бас қосты.

Алматы Халықаралық әуежа­йының әлеуметтік және эколо­гиялық мәселелер бойынша бас маманы Юлия Аллахвердиева­ның айтуынша, тұрғындарды ақ­параттандыруға арналған мұндай жиын әр тоқсан сайын өткізіліп тұрады. Бұл жолы әуежайға жа­қын орналасқан Түрксіб ауданы тұрғындарының әуежайға қатыс­ты сұрақтары мен ұсыныстары тыңдалды.

«Әлемдік тәжірибе бойынша, кез келген елде әуежай маңында орналасқан елдімекендердің тұр­ғындарының әуежайға қатысты ұсыныс, тілектері, шағымдары ескеріледі, оларды толғандырған сұрақтар талқыланып, шешімін табады. Біз де Алматыдағы әуе­жай маңында орналасқан аудан­дар мен елді мекен тұрғындары­ның арасында сауалнама жүргізіп отырамыз, жүзбе жүз кездесулер ұйымдастырамыз. Тұрғындарды, көбінесе, қаладағы ауаның ласта­нуы, ұшақтардан ауаға бөлінетін зиянды қалдықтардың адам ден­саулығына әсері секілді мәселе­лер алаңдатады. Біз үшін әрбір алматылықтың пікірі маңызды болғандықтан, кез келген мәсе­ленің шешімін бірге іздейміз», – дейді Юлия Аллахвердиева.

Түрксіб ауданының белсенді тұрғындары мамандарға өздерін мазалайтын сұрақтарын қойды, шағымдары мен ұсыныстарын да жеткізді. Тұрғындардың талап- тілегін жаңа терминалдың құры­лысымен айналысып жатқан TAV Construction мердігер компания­сының өкілдері тыңдап, өздеріне түртіп алды.

Әуежай маңында көп жылдан бері тұратын тұрғындар әуежай­да қызметкерлерге арналған көлік тұрағының жоқ екенін айт­ты. Олардың айтуынша, әуежай қызметкерлерінің көліктері әуе­жайдың аумағына сыймағандық­тан, олар көліктерін тұрғындар­дың ауласына қоятын көрінеді.

«Әуежай қызметкерлері көліктерін біздің қақпалардың алдына, тар көшелерге, аулаларға қойып қояды. Таңертең қойылған көліктер күні бойы біздің аулада тұрады. Балаларымыз емін-еркін жүретін орын жоқ. Тағы бір мәсе­ле – қызметкерлердің тәртібі, олар жаз мезгілінде ауламызға қоқыс лақтырып кетеді, темекі шегеді, дауыстары қатты шығады, тұр­ғындарды сыйламайды», – деп шағымданды Лана есімді тұрғын.

Түрксіб ауданының тағы бір тұрғыны Светлана Грининаның айтуынша, дамыған елдерде әуе­жай маңында тұратын тұрғын­дардың құқығы ескеріледі.

«Мен өзім де жиырма жылдан астам авиация саласында қызмет етіп келемін. Әуежайға жақын орна­ласқан аймақтарда тұрғындарына арналған еуропалық нормалар­мен таныспын. Жалпы, әуежай маңында тұру адам денсаулығы­на зиян, демікпе, өкпе аурулары, аллергия секілді ауруларға шал­дығу қаупі жоғары. Сондықтан қай елде болсын, экологиялық нормалар сақталуы керек. Мыса­лы, кейбір қалаларда әуежайға жақын орналасқан елдімекен­дердің тұрғындарының тыныш­тығын бұзбау үшін түнде ұшақ­тар ұшырылмайды. Алматыда төбесінен ұшақ төніп ұшатын ау­дандар, үйлер бар. Мүмкін ұшақ­тардың ұшу, қону траекториясын өзгерту керек шығар. Міне, осын­дай мәселелер тұрғындарды ма­залайды. Әуежай қызметкерлері ұйымдастырған жиынға кө­кейімізде жүрген сұрақтарды қоюға келдік», – дейді Светлана Гринина.

Тұрғындарды мұқият тыңда­ған Алматы Халықаралық «TAV Construction» мердігер компания­сының өкілі Алим Ахмедов пен қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Арнұр Нұрғалиев және басқа да мамандар әр тұрғынның пікірі ескеріліп, нақты шаралар қолданылатынын айтты. Сондай- ақ, ол болашақта Алматы әуежа­йының аумағы түгелдей жаңар­тылып, абаттандырылатынын, жолаушылар мен әуежай қызмет­керлеріне мүмкіндігінше жағдай жасалатынын да ескертті.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Жаңа халықаралық жолаушылар терминалының ауданы 55536,22 м2 құрайды. Дизайнға сәйкес, жаңа құрылыс нысаны қолданыстағы терминал ғимараты­на жерүсті өткелі арқылы қосылады. Жаңа терминал жолаушыларға ғимараттың сыртына шықпайқ ішкі және халықаралық рейстерден ары-бері оңай өтуді қамтамасыз етеді.

Жаңа ғимараттың құрылысы халықаралық терми­налға борттарының көлеміне байланысты бір уақытта жеті ұшақ қонатындай етіп салынуда. Алматы әуежайы жылына 14 млн-ға жолаушыға дейін қызмет көрсетеді.

Жаңа терминалдың айрықша ерекшелігі EDGE стандартының advanced деңгейіне сәйкестігі (ресурс­тық тиімділікке бағытталған жасыл ғимараттарды сертификаттау жүйесі), ол 40%-дан астам энергияны үнемдеуді және жұмыс кезінде терминал ғимараты үшін 20%-дан астам суды үнемдеуді, сондай-ақ құры­лыс кезінде материалдарды үнемдеудің 20%-дан аста­мын қамтамасыз етеді.

Жаңа терминал сонымен қатар, халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) Optimum – стандарт деңгейіндегі қызметімен қамтамасыз етіледі. Оңтүстік астана әуежайының қызмет көрсету деңгейінің жаңа тұжырымдамасы әлемдік үрдістер стандарттарына негізделеді, сондықтан жылдамдықты, сапаны және тиімділікті арттыра отырып, шығындарды оңтайлан­дыруға бағытталатын болады.

«Аlmaty-akshamу», №19 (6312) 7 ақпан, 2023 жыл