Алматы әуежайына келтірілген шығын 530 млн теңгеден асты

Алматы әуежайына келтірілген шығын 530 млн теңгеден асты
Сурет: Inbusiness.kz

Жаппай тәртіпсіздік бойынша 72 қылмыстық іс тіркелген

Жаппай тәртіпсіздік кезінде Алматы халықаралық әуежайына келтірілген шығын сомасы 530 792 668 теңгені құрады. Бұл сомаға ғимараттың ішінде орналасқан дүкендерге, кассаларға, жеке фирмалардың кеңселеріне келтірілген залал да кіреді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Turkystan.kz cілтеме жасап.

Ішкі істер министрлігі Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Сарықұл Жолановтың айтуынша, 3-31 қаңтар аралығында жаппай тәртіпсіздік бойынша 72 қылмыстық іс тіркелген. Бұл, негізінен, ұрлық пен тонау.

«Наразылық акциялары кезінде қылмыстық элементтер мемлекеттік маңызы бар нысандарға екі шабуыл жасады. Олар – Алматы халықаралық әуежайы және әуежайдағы желілік полиция бөлімі. Сонымен қатар, әуежай ғимаратының ішінде орналасқан сауда нысандары шабуылға ұшырады. Қылмыс жасаған 14 күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді департамент бастығының орынбасары. 

Көлік полициясының қызметкерлері қылмыскерлерден 24,5 миллион теңге ұрланған мүлкін тәркілеген. Оның ішінде үш көлік, бес ұялы телефон, 2,2 миллион теңге және 635 мың теңгеге бағаланған 47 брендті киім бар.

Қазір тәртіп сақшылары қылмыстық іс-әрекеттерге қатысы бар адамдарды анықтауға бағытталған жедел іздестіру іс-шараларын жалғастыруда. Полиция жасақтары әуежайлар мен вокзалдар аумағын патрульдейді. Желілік бөлімшелердің бір мыңнан астам қызметкері тәулік бойы қызмет атқарады.

Айта кетсек, бұған дейін Алматы қаласының әкімдігі 20 әкімшілік ғимарат, Полиция департаментінің 10 бекеті, 17 экопост және әуежай ғимаратына келтірілген шығынның 22,6 миллиард теңгеден асатынын хабарлаған болатын.