Алматы – әрі тау,  әрі өзен, әрі алмалы өңір

Алматы – әрі тау,  әрі өзен, әрі алмалы өңір inform.kz

Әрине, О.Жандосов бұйрыққа қол қойғанда Алматы сол кездегі ел астанасы Орынбор да, кейінгі бас қаласы Қызылор­да да емес, республикадағы көп уездік орталықтың бірі ғана еді. Сондықтан ревком Жандосовтың бұйрығымен шағын қала атауының өзгертілуіне ешкім назар аудара қоймаған сыңайлы. Бірақ бұйрықтың аты – бұйрық. Дәл осы құжаттан кейін барлық ресми қатынаста қаланың орысша атауы «Алма-ата» деп атала бастайды, бірақ жергілікті халық оны ескі дәстүрмен «Алматы» деп айтудан жаңылған жоқ.



Қазақ жері бір кездері Алаш арыстары жоспарлағандай біртұтас аумаққа айналғанда Қазақстан астанасын өзгерту мәселесі де күн тәртібіне шығады. Республиканың бас қала­сын таңдау қатардағы көп шаруаның бірі емес екені белгілі. Солай бола тұрса да, астананы Қызылордадан Алматыға көшіру жайын қарастырған Қазақ АКСР Орталық атқару ко­митетінің 1927 жылдың 3 наурызындағы отырысы күн тәртібіне артық-кемі жоқ, тұп-тура 20 мәселе шығарылыпты. Соның ел орталығын ауыстыру жөніндегі – 8-мәселесі бо­йынша мынандай қаулы қабылданған: «Президиум КазЦИКа и Совет Народных Комиссаров КССР постановляет: 1. Центр КССР перенести из г. Кзыл-Орда в г. Алма-Ата. 2. Срок пе­ренесения центра в г. Алма-Ата определить ко времени уста­новления нормальной и бесперебойной связи с последним. 3. Настоящее постановление внести на утверждение предс­тоящего Шестого Всеказахского съезда советов. 4. Для про­работки практических мероприятий о перенесении центра из г. Кзыл-Орды в Алма-Ата создать комиссию под председа­тельством тов. Кулумбетова в составе членов Жолобова, Мусина, Татимова и Носова» (Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты, 30-қор, 1-тізім, 704-іс, 59-бума, 5-бет).



Аталған қаулыға сәйкес, 1927 жылдың 3 сәуірінде өткен Бүкілқазақтық VI съезінде Қазақ АКСР-нің Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесінің жоғарыдағы қау­лысы ресми түрде бекітіледі.


Бұл кезде осы күнгі парламент рөлін атқарған – Орталық атқару комитетінің төрағасы қызметін 20-жылдардағы Қа­зақстанның өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңірген, әсіресе Қы­зылорда қаласы астана мәртебесіне ие болғанда оны абаттан­дыруға зор үлес қосқан қайраткер тұлға Жалау Мыңбаев еді. Өмірден тым ертерек озған (1929 жылы) бұл азаматтың ел тарихында алар орны ерекше.


Қаулы Бүкілқазақтық съезде рәсімделген кезде төраға Мыңбаев Алматы атауының мәселесін біржолата айқындау үшін дуалы ауыз ғылыми қауымның пікіріне жүгінеді. Мәсе­ле көтерілген кезде Қазақстан мен Орталық Азия республи­каларында Ғылыми академиясын былай қойғанда, КСРО Ғылым академиясының филиалдары да әлі ашыла қоймаған еді.


КСРО Ғылым академиясы 1926 жылдың қаңтар айында одақтас және автономиялық республикаларды зерттеу жөнін­дегі ерекше комитет (Особый комитет по исследованию союзных и автономных республик) деген ұйым құрады. Ор­талық мемлекеттік мұрағаттың 30-қорында «О транскрипции назван. гор. Алма-Ата» деген бірнеше парақтан тұратын та­рихи құжат сақталған. Құжаттың оң жақ бұрышында «При­ложение к протоколу заседания ОКИСАР-а от 16.ІV. 1927» деп көрсетілген. Мұндағы ОКИСАР – біз жоғарыда атап өт­кен КСРО Ғылым академиясының жанындағы ерекше коми­теттің аббревиатурасы. «Заключение академика В.В.Бартольда по вопросу транскрипции названия гор. Алматы» деген тақы­рып қойылған небәрі бір абзацтан тұратын құжатты тұпнұсқа тілінде толықтай келтірейік. Онда былай делінген:



«АЛМАТЫ» – слово, образованное из турецкого /или тюркского/ алма «яблоко»; суффикс ты или ту в этом смысле чаще встречается в монгольских образованиях, или в турец­ких, и слова Алматы в домонгольский период не было; с ХІV века оно встречается часто и, очевидно, понималось в значе­нии «места где много яблок». До возникновения русского города «Верный» /сначала укрепление «Верное»/ местность /города тогда не было/ всегда называлось «Алматы»; тоже самое слово употреблялось в письменной и устной речи мест­ного населения для обозначения города «Верный». Слово «Алма-ата» есть, очевидно, народная этимология, возникшая в после революционное время, очевидно, потому, что не зна­ли значения суффикса ты или ту и потому предпогалали в слове «Алматы» ошибку. Слово «ата» при географических названиях всегда предполагает существование в данной мест­ности могилы святого, чего здесь нет» (ҚР ОМА, 30-қор, 1-тізім, 743-іс, 201-бет).



Академик бұл қорытындыға 1927 жылдың 16 сәуірінде қол қойса да, бұған дейін Алматы тарихын ортағасырлық ғұлама қайраткерлер Бабыр, Дулати шығармаларымен салыс­тыра зерттеп, оны өзінің Түркістан өлкесінің тарихына қатыс­ты бірнеше еңбегінде жариялаған болатын (суретте). Акаде­миктің жазбаша пікірі келіп түскен кезде Жалау Мыңбаев әлі Орталық атқару комитеті төрағасының қызметінде (ол 28 сәуірде босатылады) еді.


Мұрағатта сақталған Бартольд қорытындысына қызыл сиямен «Необходимо оформить название города «Алмалы» деген бұрыштама соғылып, ажыратып оқуға келмейтін қол қойылған. Хаттың Қазақ ОАК-де тіркелгенін ескерер болсақ, Мәскеуден келген ресми құжатқа төраға Ж.Мыңбаев қана бұрыштама соғуы мүмкін.


Осы бұрыштаманың төменгі жағында: «Юр. на оформле­ние путем законных требований», – деген тағы бір сөйлем жазылған. Мұны жоғарыдағы бұрыштаманы заң шеңберінде рәсімдеу үшін заңгерге берілген тапсырма деп қабылдадық. Заңгер тапсырманы мүлтіксіз орындап, өз қорытындысын жасаған. Онда: «Рассмотрев заявление академика Бартольда, полагаю, что дело идет о переименовании г.Алма-Ата в Ал­маты, каковое имя лексически более правильно. А так как переименования делаются исключительно ЦИКом Союза и войти с ходатайством туда через ВЦМЕ надлежит КЦИК, то, по моему мнению, переписку надлежит передать в КЦИК для означенного ходатайства. Основание: декрет ВЦИК (С.У.№ 41-23 г. №448)», – делінген (Сонда, 207-бет).


«Юрисконсульт Ненсберг» деп қол қойылған қорытынды тым қасаң, құрғақ тілде жазылған. Заң кеңесшісіне қайдағы бір Алматының тағдыры, атауы бәрібір екендігі айқын көрініп тұр.


Академик Бартольд қорытындысының бұдан кейінгі тағдыры бізге белгісіз. Сірә, 1921 жылдан бері орыстілді қатынас қағаздары мен ресми құжаттарда, баспасөз беттерін­де «Алма-Ата» деп жазу дәстүрі орнығып кеткендіктен, Бартольдтің ғылыми дәлелмен ұсынған «Алматы» нұсқасын көп ешкім қаламаған сияқты. Оның үстіне орыс тілі грамма­тикасы негізінде білім алған адамға «Алматы», «алматынец» деп жазу мен дыбыстаудың орнына «Алма-Ата», «алмаати­нец» деп жазу да, айту да әлдеқайда жеңіл.


Мың жылдан астам тарихы бар ежелгі қаланың орыс тіліндегі атауы «Алма-Атадан» «Алматы» болып өзгертіл­геніне 30 жылдан астам уақыт өтсе де, бұрынғы атауын аң­сайтын отандастарымыздың әлі күнге дейін ортамыздан та­былатыны және ара-тұра қоғамдық пікір туғызып, жұртты дүрліктіріп қоятыны өкінішті-ақ. Олардың ішінде «Алматы» атауы қазақ тіліне, жалпы түрік тілдеріне жат құбылыс, бұл моңғол, ойрат тілдерінен қалған сарқыншақ дейтіндер де бар. Шындығында солай ма?


Соғыстан кейін қалыптасқан қазақ топонимика ғылымы­ның төл басында қазақтан шыққан алғашқы география ғылы­мының кандидаты (1949) Ғали Қоңқашбаев ақсақал тұрды. Ол Қазақстандағы жер-су атауларын ғылыми тұрғыдан жү­йелеп, бірнеше ғылыми еңбек жазды. Ғ.Қоңқашбаев өзінің алғашқы зерттеулерінде-ақ еліміздің үлкен қаласы әрі ресми астанасы – Алматы тарихына қалам тартты. Ол 1948 жылы «Қазақ ССР Ғылым академиясының хабарларында» жария­ланған «Название города Алма-Ата» деген еңбегінде Алма­тының арғы-бергі заманындағы кезеңдеріне тарихи-геогра­фиялық тұрғыдан шолу жасай келіп: «Слово «алма» по-казахски означает «яблоко». С прибавлением к основе «алма» приставки «ты» получается сочетание «алматы», не свойственное современному казахскому языку, ибо пристав­ка «ты» допускается лишь после корней, оканчивающихся на глухие согласные (тас – камень, тасты – каменный)», – деп жазады.



Ғалым бұдан әрі өз ойын сабақтай түсіп: «Для нас вполне ясно, что приставка «ты» в географических названиях типа «Алматы» является древней формой окончания в группе тюр­ко-монгольских языков (между прочим, приставка «ты» в ряде монгольских языков сохранилась до сего времени с тем же значением и после гласных – Согуты, Могуты и др.», – деген қорытындыға келеді («Қазақ ССР Ғылым академиясы­ның хабарлары», №58, 2-шығарылымы, 1948, 77-бет).



Ғ.Қоңқашбаев «Алматы» этимологиясын «моңғолдан шыққан» деп тура тартпайды. Қазақ жерінде таза ұлт ұғым­нан туындаған «Сілеті», «Бұғыты», «Бұланты» сияқты таза түркілік сипаттағы гидроним, ороним­дердің кездесетінін, «Алматының» түбірінен барлық түркі тілдерінде тура сол мағынада кездесетін «алма» сөзі менмұндалап тұрғанын жақсы бі­летін қазақ ғалымы оның «түркі-мон­ғол» тілдер тобына тән көне жұрнақ екендігіне баса на­зар аударады. Мұ­ның арғы жағында абайсызда айтыл­ған бір ғана сөз үшін «пантюр­кист», «ұлтшыл» деген айдар оп-оңай тағыла салатын за­манда жасалған сая­си сақтық жатуы да мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды.


Аға буын топонимистерінің бір тобы «Алматыны» «Ал­маты + тау» деген мағынадан шығарады. Е.Қойшыбаев 1974 жылы жарық көрген «Краткий толковый словарь топонимов Казахстана» атты еңбегінде және 1985 жылы басылған осы кітаптың толықтырылған нұсқасы – «Қазақстанның жер-су аттары сөздігінде» осындай пікірді алға тартады. Кейінгі еңбекте автор: «Алматы» атауын екі сөзден: алма және ту (тау) сөздерінен біріккен деуге болады», – деген тұжырым ұсынады.


Бұл пікірмен де келісу қиын. «Алматы» тау атын білді­ретін ороним болса, «+ты» формантымен жасалған қазақ жеріндегі толып жатқан гидроним, зооним, фитоним, ойко­нимдерді қайда қоямыз.



Зерттеушілерді сарсаңға салып жүрген «-ты» топофор­манты қайдан шыққан және бұл қай тілге тән құбылыс? Енді осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Қазақтың көрнекті то­понимист ғалымы Айтым Әбдірахманов бұл туралы: «Ты, -ті жұрнақтары қазіргі қазақ тілінің заңы бойынша -лы//-лі, -ды//-ді түріне айналып, Алматы емес, Алмалы, Шідерті емес, Шідерлі, Өлеңті емес, Өлеңді түрде болуы керек еді. Бірақ олай болмай -ты//-ті жұрнақтарының сақталуы көне қазақ тілінде де мұндай форманың болғандығын және оның өзі қазіргі -лы//-лі, -ды//-ді варианттарының ең ескі түрі екендігін дәлелдейді» (А.Әбдірахманов Топонимика және этимология. Павлодар, 2010, 66-бет), – деп кесімді пікір ай­тады.



Тілдік реконструкция тұрғысынан алғанда сөзжасамдағы көнетүркілік «ты» форманты бүгінгі қолданыстағы «лы» жұрнағының бастапқы проформасы.


Ұлттық топонимикадағы жиі кездесетін «-ты» қосымша­сының көне түрік тілінің заңды жалғасы – қазіргі қазақ тіліндегі көне жұрнақтың бірі екендігі жөніндегі мәселенің басын біржолата ашып алғаннан кейін соның негізінде жа­салған сөздің мағынасына үңіліп көрейік.


Ұзақ жылдар бойы талқыға түскен бұл сұрақтың тоқ­тамды пікірін танымал лингвист ғалым Телқожа Жанұзақов айтты. Ол: «Сөз соңындағы қосымша -ты жер-су аттарында жиі кездесетін, бір нәрсенің молдығын, көптігін білдіретін көптік жалғаудың көне түрі» (Т.Жанұзақ Қазақстан геогра­фиялық атаулары. Алматы облысы. Алматы, 2005, 62-бет), – деп жазады. Егер бұл тұжырымды Алматыға қолданар бол­сақ, ол – алма жемісі мол өскен мекен. Топонимикалық атау сол жердің географиялық ерекшелігі, флорасы мен фаунасы­нан туындайды. Алматы – әрі тау, әрі өзен, әрі алмалы өңір. Тіпті, Алматының қос бұрымы сияқты Алатаудан күркіреп аққан, тасығанда тау қопаратын қос өзен – Үлкен және Кіші Алматының түбірі де «алма», яғни жағасында алма жемісі мол өскен фитонимдік әрі гидронимдік атау.



Кейбіреулер «Алматы» деген бір ғана топоним төңірегін­де осыншама әңгіме өрбітудің қажеті бар ма?» деп ойлауы да мүмкін. Мұнда үлкен саясат, ең бастысы, елеулі ұлттық мүд­де бар.



Эстон халқының тәуелсіздікке ұмтылысы бір әріптен басталғаны мәлім. Эстон КСР-інің Жоғары кеңесі Кеңес одағындағы жариялықты пайдаланып, 1988 жылы 7 желтоқ­санда ел Конституциясының орысша нұсқасында мемлекет астанасын бұрынғыдай Таллин емес, Таллинн деп жазу ке­ректігі жайында шешім қабылдайды. Бір ай өтпей жатып Конституцияға ресми түрде тиісті өзгеріс енгізеді. Дәл осы оқиға ел ішінде зор патриоттық, ұлттық өрлеу туғызды. Нә­тижесінде, Эстония КСРО-ны таратқан Беловеж оқиғасынан бір жарым жыл бұрын (1990 жылы 8 мамырда) 1938 жылғы Эстон Республикасының Конституциясын қалпына келтірді. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде Эстония Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшесі болып үлгерген еді. Тілге, ұлттық мүддеге деген бір әріптен бастаған құрмет тұтас ұлтты ұлы мұратына жеткізді.


(«Егемен Қазақстан», 17 шілде, 2023 ж.).

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:50

18:41

18:25

18:07

17:53

17:41

17:28

17:10

17:09

16:34

16:25

16:18

16:09

16:07

15:22

14:48

14:38

14:28

14:01

13:17

13:14

13:09

13:02

12:51

12:35