Алматы әкімі медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

Алматы әкімі медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

Алматыда Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында қала басшысы Ерболат Досаевтың қатысуымен Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шара барысында денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.

Мерекеге орай Алматы қаласының денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен қызметкерлері түрлі наградалар – Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» белгісімен, «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының денсаулық ісінің үздігі» төсбелгісімен және қала әкімнің атынан алғыс хаттармен марапатталды.

Ерболат Досаев дәрігерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, халықтың денсаулығын қамтамасыз ету және азаматтардың өмірін сақтап қалу жолындағы жанқиярлық еңбектері үшін алғысын білдірді.  Бұл мереке медицина қызметкері еңбегінің қаншалықты баға жетпес және маңызды екенін еске салады деп атап өтті.

Сөзінің барысында Алматы әкімі қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі кешенді бағдарламасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын, ол бірінші кезекте алғашқы медициналық-санитарлық көмектің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және жаңа медициналық қызметтерді енгізуге бағытталатынын және көпсалалы ауруханалар мен тағы басқаларында жаңа технологияларды енгізуге бағытталғанын айтты.

Жалпы, биылғы жылы Алматы қаласының денсаулық сақтау жүйесіне жергілікті бюджеттен тартылатын инвестицияның жалпы көлемі шамамен 35 миллиард теңгені құрайды. Жалпы бүгінде қаланың денсаулық сақтау жүйесінде 182 медициналық  ұйым бар, онда 38 мыңнан астам маман жұмыс істейді.