Алматы әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіру мерзімі өзгертілді

Алматы әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіру мерзімі өзгертілді
Сурет: Russian.rt.com

Бұл ғимарат пайдалануға қазан айында беріледі.

Алматы әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіру мамырда аяқталмайтын болды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Aikyn.kz сілтеме жасап. 

Роман Склярдың айтуынша, қаңтардағы қырғын кезінде отқа оранып, жарамсыз болып қалған қалалық әкімдіктің ғимараты қазан айында пайдалануға беріледі.

«Келтірілген шығынды ескере отырып, Алматы әкімдігі мен Қазақстан ҰТА ғимараттарын қайта қалпына келтіру жұмыстары 2022 жылдың қазан айында аяқталады деп күтілуде», – деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматы әкімдігі аталған ғимаратты қайта жөндеу жұмыстары мамыр айында толықтай аяқталады деп мәлімдеген болатын. Олар сондай-ақ ғимаратты толықтай қалпына келтіру үшін 20 миллиард теңге кетеді деген. Бұл соманы зардап шеккен нысандардың шығынын есептеу жөніндегі комиссия тағайындаған.

Вице-премьердің айтуынша, қажетті қаражат мемлекет резервінен, сондай-ақ жеке қаражат есебінен жүзеге асырылады.