Алматы әкімдігі қаңтар оқиғалары кезінде бүлінген көлік иелеріне 258 млн теңге төледі

Алматы әкімдігі қаңтар оқиғалары кезінде бүлінген көлік иелеріне  258 млн теңге төледі
spik.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша шағын және орта бизнеске келтірілген шығынды ғана емес, қаңтар айындағы оқиғалар кезінде автомобильдері бүлінген немесе жойылған Алматы қаласының тұрғындарына да қатысты жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Қазіргі уақытта Алматы қаласы аудандарының әкімдіктеріне автокөлік иелерінен келтірілген залалды өтеу туралы 99 өтініш келіп түсті. Жеке тұлғаларға келтірілген шығынды өтеу тетігіне сәйкес (Үкіметтің 2013 жылғы 28 тамыздағы №877 қаулысымен бекітілген Терроризм актісі салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген мүліктік зиянды өтеу қағидалары бойынша), жалпы сомасы 258 млн теңгеге 54 өтінім қанағаттандырылды (Алмалы ауданы – 33, Әуезов ауданы – 9, Түрксіб ауданы – 12).

Аудан әкімдіктерінің қарауында бүлінген және жанып кеткен автокөліктер жөнінде тағы 45 өтінім бар (Бостандық ауданы – 40, Медеу ауданы – 5). Олар бойынша төлемдерді ағымдағы жылдың 15 мамырына дейінгі мерзімде жүргізу жоспарлануда. Қосымша өтінімдердің түсуіне қарай Алматының аудандық әкімдіктері осы бағыттағы жұмысты жалғастыратын болады.

Өтініштерді аудандық әкімдіктер түскен күннен бастап 1 ай ішінде қарайды. Мүлікке келтірілген залалды бағалау өтініш тіркелген күннен бастап 7 күн мерзім белгіленеді және зардап шегушінің өзі таңдаған тәуелсіз сарапшылар жүргізеді. Бағалау бойынша шығыстарды жүргізу мемлекеттік органдарға, яғни аудандық әкімдіктерге жүктелген.