Алматыға «Комирнати» (Pfizer) вакцинасының алғашқы 46 000 дозасы келді

Алматыға «Комирнати» (Pfizer) вакцинасының алғашқы 46 000 дозасы келді
Суреттерді түсірген - Самат

Алматыға бүгін таңғы сағат 7-де Pfizer вакцинасының алғашқы партиясы келіп, №7 Қалалық клиникалық ауруханаға  – 379 мың дозасы жеткізілді. Арнайы температураны сақтауға мүмкіндік беретін 8 қораптан 46 800  дана американдық вакцина қабылданды. Әр компонент сәйкесінше 23 400 данадан.

«Бүгін таңғы 7-де аталмыш вакцина аэропорттан Орталық вакцина қоймасына қабылданды. Осы жерден екпе Алматының барлық ауруханаларына таратылатын болады. Вакцина температураның барлық жағдайларын ескере отырып әкелінді», - деді  Қалалық клиникалық аурухананың эпидемиологиялық жағдай мен инфекциялық бақылау жөніндегі директордың орынбасары Эльвира Ибрагимова.

Эпидемиологтың айтуынша, барлық қораптар арнайы температура сезбегімен жабдықталған. Сезбек тасымалдау барысында бастан аяқ қосулы болған. Олардың жұмысы тек орталық қоймада тоқтатылды. Ержеге сәйкес әр қорап 5 минуттың ішінде ашылып, вакцина тоңазытқыштарға салынды.

Бұған дейін препаратты одан әрі сақтау үшін Алматы қоймасына арнайы екі тоңазытқыш алынған. Ондағы температура – 60-90 градус аралығында. Мұның барлығы екпенің нұсқауларға сәйкес жеткізілгенін көрсетеді. Емханалар вакцинаны арнайы термоқораптарда қабылдап, +2 мен+8 температура аралығындағы режимде бір ай сақтай алады.

Вакцинация ең алдымен медициналық нысандарда, кейін білім беру орталықтарында жүретін болады. Олардың қатарына мектептер, жоғары оқу орындары, орта білім беру орындары кіреді. Екпенің бірінші және екінші компоненті 21 күннен 28 күн аралығындағы интервалмен салынады.

Pfizer вакцинасы ерікті түрде:

12 және одан жоғары жастағы жасөспірімдерге;

жүкті әйелдерге – жүктіліктің 16-дан 37-ші аптасына дейін;

лактация кезіндегі әйелдерге – босанғаннан кейінгі кезең аяқталғаннан кейін (42 күннен кейін) салынады.

Жалпы Қазақстан арнайы келісім бойынша Comirnaty Pfizer/BioNTech вакцинасының 4 млн-нан астам дозасын сатып алды. Қалған партиялар кесте бойынша апта сайын елімізге жіберілетін болады.