Алмат ҚОДАСБАЕВ, Алматы кардиология орталығының директоры:   ӨЗІҢЕ ӨЗІҢ ЖАУАПТЫСЫҢ

Әлемді жайлаған пандемияның әлі қанша уақытқа жалғасатыны белгісіз. Осы орайда біз еліміздегі медицинаның артықшылығы мен кемшілігін, індетке қаншалықты төтеп бере алатынымызды саралау үшін «Қазақстанның 100 жаңа есімі» тізіміне енген кардиохирург-дәрігер, Алматы кардиология орталығының директоры Алмат Қодасбаевпен сұхбаттасқан едік.

 

Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті

Алмат Тұрысбекұлы, соңғы аптада еліміз бойынша вирус жұқтырғандардың көрсеткіші көңіл көншітпей тұр. Медицина мекемелерінің оған қарсы тұрарлық қауқары қандай?

– Негізінен, дәрігерлер халықтың соңғы жылдардағы денсаулығын бақылай отырып болжамдар жасайды. Мысалы, денсаулық сақтау саласының мамандары кейінгі кезде жүрек-қан тамырлары ауруларының, инсульт пен инфарктың, онкологиялық дерттердің жиілеп кеткенін біліп, соған қатысты әрекет етеді. Сондай-ақ, жылына шамамен қанша адам апаттан, оқыс оқиғалардан зардап шегетінін де өткен жылдармен салыстырып, болжап, соған дайын болады. Ал енді адамдардың мынандай өте көп көлемде вирустық ауруға шалдығатынын, оларға мыңдаған тыныс алу аппараты, дәрі-дәрмек қажет болатынын алдын ала білу мүмкін емес еді. Оның үстіне, тыныс алу аппараттары біздің елімізде шықпайды, шет елдерден қыруар қаржыға сатып алынады. Сондықтан да Үкімет миллиардтаған қаражат бөліп, жағдайды барынша тұрақтандыруға тырысты. Дәрі-дәрмек жетіспеушілігіне келсек, әрине, індет лап бергенде қажетті дәрілердің жетпей қалуы қалыпты жағдай. Өйткені, біздің елімізде дәрілер рецептсіз сатыла береді. Халық арасында интернет-дүкеннен, кез келген дәріханадан өзіне керек, керек емес дәрілерді артығымен ала беретіндер жетіп-артылады. Дәрігерлердің кеңесінен кейін ғана дәріханаға барып, дәрі қабылдап жатқан науқастар бар, бірақ олар аз.

Бәріміз білеміз, СOVID-19 вирусын жұқтырғандарды емдеуде алғашқы протокол бойынша антибиотиктер, қан сұйылтатын препараттар тағайындалды, кейін протоколға өзгерістер енгізіліп, бұл дәрілер тек ауру асқынған жағдайда ғана қолданылатын болып шешілді. Мысалы, қан сұйылтатын дәрі біздің орталықта бар, өйткені біз бұны жүрек қан-тамырлары ауруларына қолданамыз. Алайда, мұндай қымбат тұратын дәрінің барлық дәріханаларда көп көлемде тізіліп тұруы мүмкін емес. Осындай себептерге байланысты дәрі тапшылығы болды. Қазір халыққа қажетті дәрілердің қоры жасалды.

 

«Ерлік жасағандай боламыз…»

– Бүгінгі күні тұрғындар өз денсаулығына қалай қарап жүр, бұл тұрғыда дәрігер ретінде не байқап жүрсіз?

– Мен 2000 жылдардың басында іссапармен Израильге бардым. Сол кездерде біз жүрекке күрделі операциялар жасап жүретін едік. Инфарктан кейін адам жүрегінің бір жақ бұлшық еті сіңірге айналып кетеді. Адамның жүрегі өте күрделі биогеометриялық құрылыс. Жүректің микроқұрылысын қарағанда жүрек жай ғана соқпайды, айналып соғады. Ал инфаркт болған жерді алып тастасаң, осы құрылыстың бәрін бұзып тастайсың. Алып тасталған бұлшық еттің орнына арнайы жамау салынады. Бұл жамау бұлшық еттің қызметін атқару үшін оны қатырып тігесің. Бұл адамға қалыпты қызмет ете ала ма, қанша жыл қызмет етеді, оны да болжау оңай емес. Міне, осындай операциялар біздің елімізде жылына – 10-12, кейде тіпті 20 шақты адамға жасалатын еді. Осындай күрделі операцияларды жасап, жүректің әрбір миллиметрін есептеп, қалпына келтіретін адам ретінде өзімізді батыр санап жүрміз ғой. Сөйтсем, Израильде мұндай операциялар жасалмайды екен. Онда сол жылдары Қазақстандағы бүкіл республиканы қамтитын А.Н.Сызғанов орталығында жасалатын оталардан  4-5 есе көп ота жасалатын еді. Бірақ оларда жүректің жартысын кесіп тастау, жамау қою деген жоқ екен. Бұл қалайша деп жергілікті дәрігерлерден сұрасам, «біздің кардиологтар науқасты мұндай жағдайға дейін жеткізбейді, үлкен операциялар жылына 1-2 рет болуы мүмкін» деді. Сол кезде қатты ойландым. Расында ауруды асқынуға жеткізбеуге болады, ал біз әбден асқынған ауруды аман алып қалғанымызға мәзбіз. Егер науқас ауруханаға дер кезінде қаралса, дәрігер тиісті ем-шараларын жасаса, мұншалықты ауыр операциялардың қажеті де болмас еді ғой. Біз несіне ерлік жасағандай боламыз деп қынжылдым.

Тағы бір байқағаным, Израильде салмағы екі келілік жаңа туған баланың жүрегіне де ота жасалады. Алайда, олардың бәрі арабтардың балалары екен. Дәрігерлердің айтуынша, жергілікті тұрғындар ананың құрсағына бала біткен кезде диагностика жасап, сәбидің жүрегінде күрделі ақауы бар болса, бірден жүктілікті тоқтатуға шешім қабылдайды. Ал мұсылман елдерінде іштегі бала ауру болса да, түсік жасауға келіспейді. Біздің елімізде де белгілі бір деңгейде диагностика дамып келеді. Айтайын дегенім, медицинасы дамыған елдерде диагностика, аурудың алдын алу бірінші орынға қойылады.

 

Білікті дәрігерлер жетеді

– Демек, біздің елімізде де білікті дәрігерлер, білімді мамандар жетерлік. Жапа-тармағай шет елге ағыла берудің де қажеті шамалы ғой сонда?

– Әрине. Өзіңіз ойлап қараңызшы, жүрегі ауыратын науқас әбден жаны қысылғанда жедел жәрдем шақырады. Оның бір өзіне жүргізушіден бастап, бірнеше дәрігер, зертхана қызметкерлері аяқтарынан тік тұрып қызмет етеді, аяқасты ауруханаға түскен адамнан жағдайына байланысты қымбат анализдер алынады дегендей. Қысқасы, қаншама адам әбігерге түседі, адам өмірі үшін күреседі, қаншама шығын шығады. Ал егер адам жүрегі сәл сыр бере бастағанда емханаға барып тексерілсе, тиісті анализдерін өткізсе, соншалықты ауыр жағдайға түспес еді. Біз ол кісінің ЭКГ-сына қараймыз, жүрек ақауының бадырайған белгісі болмаған жағдайда арнайы анализдер арқылы клеткалық деңгейде тексереміз. Мұндай кезде адам қатты ауырып тұрмаған болуы мүмкін. Алайда, арнайы анализдер адамның майда клеткаларының өле бастағанын, жаңа басталып келе жатқан инфарктың белгілері бар екенін көрсетсе, соған сәйкес емді бастаймыз. Кейбіреулер анализдерге сене қоймайды. Егер адам жүрегі қысыла бастағаннан әлемдік стандарт бойынша 120 минутта ауруханаға жеткізілетін болса, қажетті көмек көрсетілсе, қан айналымын күшіне енгізіп жіберсе, инфаркт болмағандай айығып кетеді. Дер кезінде қанның өткіштігін қалпына келтіріп жатсақ, үлкен операцияға барудың қажеті болмас еді. Өкінішке орай, ауруханаға сүйреп әкелсең де келгісі келмейтін адамдар болады. Ауруханада жатса да кейбір процедуралардан бас тартатындар бар. Ал егер осындай науқас қайтыс болса, дәрігерлердің үстінен небір шағымдар түсіп, неге тиісті ем қолданбағанын дәлелдетіп, әуре қылады. Ал науқастың ауруханаға өте кеш келгені немесе қажетті емнен бас тартып, бірнеше сағат бойы жатып алғаны ескерілмейді.

– Жас мамандар туралы не айтар едіңіз?

– Жас мамандардың мүмкіндігі мол, көбі шет тілдерін біледі, ізденеді. Мен біраз жылдан бері Еуропалық кардиологтар одағының мүшесімін. Әлемдегі тың жаңалықтарды алғашқы дерек көздерінен біліп отырамыз. Осы одақта жылына бірнеше рет үлкен жиындар өтіп тұрады. Қазір шет елге шықпай-ақ онлайын-режимде конференцияларға қатысуға мүмкіндік бар. Қарамағымда жұмыс істейтін жас мамандарға үнемі осындай халықаралық жиындарға қатысуға кеңес беріп отырамын. Кейбіреулері әрнәрсені сылтауратып қатыспай жатады, бұл – енжарлық.  Ал білім керек адам уақыт тауып, білімін тереңдетуге тырысады. Осындай мамандар үнемі сұраныста болатыны айтпаса да түсінікті.

Біз науқастарға адамгершілік тұрғысынан қараймыз, әр науқасқа уақыт бөлеміз, жұмыс уақытынан тыс кезімізде де ауруханада жүруіміз мүмкін. Айталық, белгілі бір аудандағы емханада бір жылда 80 адам жүрек қан-тамырлары ауруына қатысты тексеруден өту керек болса, соның 70-і тексерістен өтуі мүмкін. Ал біз болсақ қалған 10-ы қайда деп іздеп отырғанымыз. Бұл дәрігер үшін керек пе? Сондықтан адамдардың санасына әркім өз денсаулығы үшін өзі жауапты дегенді сіңіретін уақыт жетті. Мұны мектеп жасынан балалардың санасына құя беру керек деп ойлаймын. Бәлкім, мектепте денсаулыққа қатысты арнайы сағаттар бөліну керек шығар. Өкінішке орай, адамдар қан қысымы 140-160-қа көтеріліп, құлап қалғанға дейін, инфаркт алғанша денсаулықтың қадірін түсінбей, той тойлап, материалдық құндылықтарды ғана ойлап жүре береді. Ал деніміз сау болса, өзге құндылықтарға сөзсіз жететінімізді ұмытпайық.

Сұхбаттасқан Айнұр СЕНБАЕВА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *