Алмалы ауданындағы 10 көшеде асфальт жаңартылды

Алмалы ауданындағы 10 көшеде асфальт жаңартылды
Сурет: Inform.kz

Алматының Алмалы ауданының 10 көшесінде 10 шақырымдық  жол төсемі жаңартылды.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Ержан Сейтенов айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ержан Сейтеновтің айтуынша, Алмалы ауданында жалпы ұзындығы 173,3 шақырымды құрайтын 110 көше бар.

«Жолдардың жұмысын жақсарту үшін он көшедегі жолдың 10 шақырымы жаңартылды, Әйтеке би, Қожамқұлов және Төле би үш көшесінің бойында жұмыс жүргізілуде. Райымбек - Розыбакиев бойындағы жолайрығы жөнделді», - деді Ержан Сейтенов.

Ержан Сейтенов көшедегі жолдың жаңаруы тұрғындар үшін үлкен маңызға ие екенін, өйткені бұл көшелердің әрқайсысы мегаполистің көлік жүйесінде маңызды болып табылатынын атап өтті.

Сонымен қатар келесі учаскелерде 810 метр тротуар желісінің құрылысы аяқталды: Нұрлы жол көшесі Қарасай батырдан Бөгенбай батырға дейін, Мәуленов көшесі Әйтеке би мен Қазыбек биге дейін, Амангелді көшесі Абайдан Құрманғазыға дейін, Бөгенбай батыр көшесі Сейфуллиннен Масанчи мен Бөгенбай батыр көшесі Әуезовтен Нұрлы жолға дейін.

Аудан басшысы қаланың көшелерін жарықтандырудың, әсіресе, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі маңызы туралы айтты.

«Ағымдағы жылы жарықтандырылмаған және жартылай жарықтандырылған 84 алаң бойында жоспарланған жарықтандыру қондырғыларының ішінде 82 учаскеде 391 тірек пен 872 шам орнатумен жұмыс аяқталды. Сондай-ақ, ауданның 12 монументалды ескерткішін ерекшелеу бойынша жұмыстар жүргізілді», - деді Алмалы ауданының әкімі.

Ауданда қабылданған шаралардың арқасында қылмыс саны азайды. Ал оларды тіркеген жағдайда барлығы қылмыстар «ізін суытпай» ашылуда. Ауданда барлық бағыт бойынша тіркелген қылмыстар саны 15,9%-ға төмендеді. Мәселен, полицияның бес стационарлық модульдік посты 113 әкімшілік құқық бұзушылықты ашты.