Алимент төлеуден қашып жүрген ер адам Алматыдан табылды

Алимент төлеуден қашып жүрген ер адам Алматыдан табылды
Сурет: Ашық дереккөзі

Төрт күн ішінде іздеуде болған 17 адам анықталды

Солтүстік Қазақстан облысында алимент төлеуден жалтарып жүргендерді анықтауға бағдарланған акция жүріп жатыр. Іс-шараның төрт күнінде полицейлер міндетін орындаудан қашып, баласына қарыз болған 9 адамды анықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғыны өз баласына алты жыл бойы алимент төлемей келген. Міндетін орындаудан жалтарған солтүстікқазақстандық «әкені» полицейлер қазіргі уақытта Алматы қаласында жүргенін анықтады. Бұл ақпарат жеке сот орындаушысына берілді.

Бұл күндері өңірде СҚО полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлерімен алимент төлемеушілерді іздестіру акциясын өткізіп жатыр. Алименттерін, әкімшілік айыппұлдарын төлемей жүрген борышкерлер, жақындарымен туыстық қатынастарын жоғалтқан адамдар полицейлердің назарында болады. Акция 19 желтоқсанда басталды. Төрт күн ішінде іздеуде болған 17 адам анықталды. Олардың 9-ы - алимент төлемеушілер. Сондай-ақ, туыстық қатынастарын жоғалтқан 5, қарыздарын төлемеген 3 адам анықталды. Көші-қон қызметінің айтуынша, бұл жұмыстар ұдайы негізде жүргізіледі.

«Акцияға полицияның басқа да қызметтері жұмылдырылады. Жыл басынан көші-қон қызметінің қызметкерлерімен облыс бойынша барлығы 204 іздестіру ісі тоқтатылды, оның 22-сі – туыстық қатынастарды жоғалту, 78-і – борышкерлер және 104-і – балаларына алимент төлемегендер бойынша», - дейді СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.