Алға жылжудың кепілі

Алға жылжудың кепілі
svsm-pvl.kz

Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауымен Сейсмология институтының ұжымы да жете танысып, талқылауда.

Президенттің өзі атап өткеніндей, еліміз жаңа кезеңге қадам басуда. Жаңа, әділетті қоғам құру жолында бірқатар игі шараларды жүзеге асыру қолға алынып жатыр. Жолдаудың аталуынан да айқын аңғарып тұрғанымыздай, Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам дегеніміз қастерлі ұштаған  ұғымын білдіреді. Яғни, халқымыз әділетті қоғамда біртұтас ұлт болып, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» еңбек етіп өмір сүрсе, іргеміздің берік болатыны, әлеуметтік-экономикалық бағытта талай биік асулар мен табыстарға жететініміз сөзсіз. Қазақстанымыз гүлденіп, өркендеуі үшін әркім өзіне тапсырылған іске жоғары жауапкершілікпен қарап, сапалы еңбек етуімен үлес қосуы қажет. Сонда ғана еңсесі биік ел боламыз. Халықтың өзара тату-бірлігі берекелі қоғамның берік іргетасын қалайды.

Қоғамымызда шешуін күткен күрделі мәселелер аз емес. Президентіміз Жолдауында алға басуымыздың бес бағдарын және оны жүзеге асырудың жолдарын да атап көрсетті. Соның «Жаңа экономикалық саясат» атты бірінші бағдарында макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру, сонымен қатар, шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнату қажет екенін бірінші кезекте атап өтуі бекер емес. Бұл мәселелер алдыңғы кезекте шешімін тапса, дамудың даңғыл жолына түсетініміз айқын.

Институтымыз Қазақстан халқын жойқын зілзаладан сақтандыру және оның алдын алу бағытында іргетасы 1976 жылы құрылған еліміздегі осы бағыттағы бірегей мекеме. Биыл жыл басынан бастап ҚР ТЖМ-нің құзырына өттік. Осы күні кеше Қостанай облысының орманды алқабын және елдімекендерін шарпыған алапат өртті сөндірумен алғашқы кезекте төтенше жағдайлар департаменттерінің ұжымдары арпалысты. Тіпті, бүкіл ел болып тілсіз жаумен күресті. Өрт орасан зор әлеуметтік және экономикалық үлкен шығын әкелді. Мамандар өртенген орманды алқапты қалпына келтіру үшін кем дегенде елу жыл қажет деп отыр. Біздер біртұтас қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, мұндай жағдайда сырт қала алмаймыз. Ел болып, жұрт болып, кездескен қиындықтар мен тосыннан келген осындай тосқауылдарды жеңіп отырумыз қажет. Біртұтас ұлт дегеніміздің бір шешімі осындай жағдайда көрініс тапса керек. Институт ұжымы бір күндік жалақыларын қиындықты бастарынан кешіп жатқан қостанайлықтарға көмек ретінде аударуға шешім қабылдады.