Александр Бублик Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шықты

Александр Бублик Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шықты
Cурет: Inform.kz

Қазақстандық-аустралиялық жұп бірінші партияда брейк жасап, сол басымдылықты сақтады

Қазақстандық Александр Бублик жұптық сында Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстандық теннисші аустралиялық Танаси Коккинакиспен бірге бастапқы кездесуін америкалық Натаниэль Ламмонс - поляк Камиль Майхшакпен өткізді.

Қазақстандық-аустралиялық жұп бірінші партияда брейк жасап, сол басымдылықты сақтады - 7:5.

Екінші сетте де тағы бір брейкпен матчты аяқтайтындай мүмкіндіктері болды. Дегенмен қарсыластары таразы басын теңестірді. Тай-брейкте Бублик пен Коккинакис жеңісті жұлып алды - 7:6 (7:5).

Сағат жарым уақытқа созылған матчта Бублик пен Коккинакис 11 эйс жасады.

Енді олар екінші айналымда италиялықтар Симоне Болелли - Фабио Фоньини немесе мажарстандық Мартон Фучович - америкалық Фрэнсис Тиафо жұптарының қай жеңгенімен кездеседі.

Тағы бір қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында пәкстандық Айсам Курешимен бірге тартысты өткен бәсекеде америкалықтар Маккензи Макдональд - Томми Полға есе жіберді - 6:3, 2:6, 3:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Ролан Гаррос турнирінде бастапқы кездесулерін сәтті өткізгенін, 13 жасар Заңғар Нұрланұлының Еуропа рейтингісінде бес ай бойы көш бастап келе жатқанын жазған болатынбыз.