Александр Бублик АҚШ ашық чемпионатының үшінші айналымына шыға алмады

Александр Бублик АҚШ ашық чемпионатының үшінші айналымына шыға алмады
Сурет: Ашық дереккөзі

Жекелей сында Қазақстаннан Юлия Путинцева ғана қалды

Қазақстанның бірінші, әлемнің 47-ракеткасы Александр Бублик АҚШ ашық чемпионатының үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 15-ракеткасы, Монреаль мастерс турнирінің чемпионы, испаниялық Пабло Карреньо-Бустамен шеберлік байқасты.

Александр Бублик бәсекені жақсы бастады - 6:4. Алайда бірінші партиядан кейін испаниялық спортшы күш алып кетті - 6:4, 6:3, 7:6 (7:5).

Үш сағаттай уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында Бублик 28 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың екеуін ғана пайдаланды. Қарсыласы 5 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, жүлде қоры 60 млн долларға бағаланған АҚШ ашық чемпионатында жекелей сында Қазақстаннан Юлия Путинцева ғана қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің АҚШ ашық чемпионатының екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

Ал Елена Рыбакина аталған чемпионатта жеңіліп қалды.
Юлия Путинцева турнирді жеңіспен бастады.