Алдымен өзiмiздi танып алайық та?

Менiң қолыма қалам алуға «40 миллион теңгелiк шоу» деген бағдарлама түрткi болды. Байқасаңыз, бiздiң телеарналарда мұндай бағдарламалар өте көп. Бұларды кәрi-жас, үлкен-кiшi, жастар және мектеп оқушылары да көредi. Өйткенi, мұндай бағдарламалар танымдық мәнiмен қызықты. Ал бiрақ, 7-каналдағы «Шоу 40 миллионов» бағдарламасындағы сұрақтар көңiлге қонбайтынын айту керек. Себебi, олардың қоятын сұрақтары шет ел әртiстерi, әншiлерi, жазушылары, кинолары жайлы болып келедi. Мысалы, «Олар қай жылы туылған?», «Қандай киноға түскен?», «Неше рет үйленген?», «Қандай сыйлықтар алған?» секiлдi сұрақтар бiзге жат. Әрине, оларды да бiлген дұрыс қой. Сөйтсе де, бiздiңше, алдымен өз елiмiздегi танымал адамдарды түгендеп алу, соларды өзгелерге таныту маңыздырақ болмақ. Осы тұста тағы бiр ескеретiн нәрсе, бiзде көптеген ұлт өкiлдерi тұрады. Осыған орай, сұрақтар Қазақстан аумағында тұратын ұлттардың тарихы, мәдениетi, өнерi, салт-дәстүрi, әдеп-ғұрпы, мемлекетiмiздiң рәмiздерi, экономикалық дамуы тұрғысында болу керек деп бiлемiз.

Жуырда бiр отбасы осы шоуда 9 миллион теңге ұтып алды. Әрине, адамдар мұндай шоуға қатысып, бiлiмiн, ой-өрiсiн көрсетiп жатса, неге қуанбасқа? Мұндай бағдарламалардың коммерциялық мақсатты да көздейтiнi құпия емес, жарнамалардың көп болатыны да содан. Осы бағдарламалардың арқасында көп компаниялар өздерiнiң жарнамаларын көрсетедi, ал телекомпания ақша табады. Ендеше, отандық компанияларды баса жарнамалау қажеттiгiн ұмытпаған дұрыс. өйткенi, отандық тауар өндiрушiлердi қолдау мен қорғауға Елбасының өзi назар аударып отырған жоқ па.

Жайшылықта Ресей телеарналарындағы бағдарламаларды айнытпай қайталайтынымыз жасырын емес, ал нағыз үйренетiн жайға келгенде айналып өтетiнiмiз несi?! Мәселен, Ресей телеарналарында жүретiн өте қызықты да тартымды бағдарламалардың бiрi – «Умницы и умникидi» алайық. Бұл бағдарламаға мектеп оқушылары қатысады, сұрақтары әлем мәдениетiн және Ресейдi қамтиды. Яғни, сөз орыс мемлекетiнiң тарихы, әдебиетi, мәдениетi туралы болып келедi. Онда жеңген ең үздiк оқушылар Ресейдiң ең жақсы деген жоғары оқу орындарына жолдама алады. Бұл жағдай – ата-ана үшiн үлкен жеңiлдiк әрi көмек. Ынталандыру тағы бар. Бiзге неге осыдан үлгi алмасқа, осындай бағдарламалар ұйымдастырмасқа?!

 

Базаркүл САҚОВА, зейнеткер.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close