Алдағы он жылда нарықтағы 60%-ға жуық мамандыққа қажеттілік болмай қалуы мүмкін

Алдағы он жылда нарықтағы 60%-ға жуық мамандыққа қажеттілік болмай қалуы мүмкін
Сурет: Inbusiness.kz

Студенттерді онлайн форматта оқыту маңыздылығы артып келеді.

Дүниежүзілік экономикалық форум болжамдарына сәйкес, 10 жылдан кейін 60 пайызға жуық мамандық трансформацияға ұшырайды не болмаса істен шығады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Дүниежүзілік экономикалық форум болжамдарына сәйкес, 10 жылдан кейін 60 пайызға жуық мамандықтар трансформацияға ұшырайды, иә болмаса істен шығады. Тиісінше, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін мамандардың қосымша құзыретттіліктерін алу қажеттілігі өте жоғары. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өмір бойы білім алу тұжырымдамасы әзірленді. Тұжырымдамада көзделген шаралар көптеген білім алу жолдары арқылы, формальды емес оқыту арқылы да, жаңа білім мен құзыреттіліктерді алуға мүмкіндік береді. Тұжырымдаманы жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік білім беру стандартында микроквалификация білім алу нәтижелерін қабылдау жоспарланған», - деп тоқталды вице-министр.

Қуаныш Ерғалиевтің мәлімдеуінше, студенттерді онлайн форматта оқыту маңғыздылығы артып келеді. Осыған байланысты келесі оқу жылынан бастап, аталған білім берудің жаңа түрі іске қосылады. Атап айтқанда, университеттерде цифрлық оқыту ресурстарын, желілер мен жаппай ашық онлайн-курстарды дамыту жоспарлануда.