Алдағы күндері ел аумағында ауа температурасы 43 градусқа дейін төмендейді

Алдағы күндері ел аумағында ауа температурасы 43 градусқа дейін төмендейді
Сурет: Baribar.kz

Синоптиктер 29 қараша - 1 желтоқсанға арналған ауа райы болжамын ұсынды.

Болжам бойынша, 29-30 қарашада еліміздің шығыс облыстарында аязды ауа райы сақталады, ал қалған облыстарда аяздың беті қайтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«30 қараша – 1 желтоқсанда республиканың басым бөлігінде оңтүстік циклонның күшеюі күтілуде. Оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстардың таулы аймақтарында жаңбыр мен қар түріндегі қатты жауын-шашын болады. Республика бойынша жел күшейіп, оңтүстік-шығыста көктайғақ, солтүстікте, шығыста, орталықта бұрқасын жел күтіледі», - делінген «Қазгидромет» РМК хабарламасында.

Сондай-ақ синоптиктер түнде ауа температурасы қандай болатынын болжады. 

Болжамға сәйкес, республиканың батысында -5, -15 градус аяз, солтүстік-батыста -10, -28 градус аяз, солтүстік облыстарда -15, -25 градусқа дейін аяз, ал республиканың орталығында -5, -20 градусқа дейін аяз, елдің шығысында 33-43 градусқа дейін төмендеп, аяз күтіледі.

Бұл ретте ауа температурасы республиканың шығысында -20, -30 градусқа дейін төмендейді, оңтүстікте -7, -3 градус аяз, оңтүстік-шығыста -5, -15 градусқа дейін жетпек.