Алдағы күндері Алматыда жаңа мектеп ашылады

Алдағы күндері Алматыда жаңа мектеп ашылады
Сурет: Zelao.ru

850 орындық мектеп іске қосылады.

Алматының Алмалы ауданында алдағы күндері жаңа мектеп ашылады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев аудан халқымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Орта білім беру саласында оқушы орындарының тапшылығын азайту және білім беру объектілерін жөндеу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде.Биылғы жылдың басында 2 мектептің (№34 және 144 гимназиялар) 850 орындық 2 қосымша құрылысы пайдалануға берілді. Енді 10-шы қарашада Қабанбай батыр көшесінде  850 орындық «Prometheus school» жеке меншік мектебі ашылады», - деді қала басшысы.

Әкімнің айтуынша, № 15-ші гимназияны сейсмикалық күшейте отырып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, 2023 жылдың шілде айында пайдалануға беріледі.Келесі жылдың III-ші тоқсанының басында №136 және 58-ші мектептің ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізіп,  сейсмикалық күшейту үшін жобалау-сметалық құжаттама  әзірленетін болады.

«Балаларды мектепке дейінгі біліммен барынша қамту үшін биыл Алмалы ауданы бойынша 225 орындық  5 жеке меншік балабақша ашылды. № 7 балабақшаны сейсмикалық күшейту жұмыстары аяқталды. Жобалық қуатты 75 орынға ұлғайта отырып, №43 балабақша ғимаратының бұрын жеке меншікте болған бөлігі сатып алынды. 2023 жылдың II-ші тоқсанында күрделі жөндеу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді бастау жоспарланған. Сонымен қатар, осы жылдың соңына дейін Мәуленов- Әйтеке би көшелерінің қиылысында бұрын жалға берілген балабақша ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, сейсмикалық күшейту үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленеді, 2023 жылдың 3-ші тоқсанында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі (жобалау-сметалық құжаттаманың сараптамасы 2023 жылдың сәуір айында шығады)»,- дейді Ерболат Досаев.