Альберт РАУ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы: Ел экономикасы қиындықты еңсеріп келеді

Альберт РАУ,  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы:  Ел экономикасы қиындықты еңсеріп келеді
parlam.kz

 Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында өте маңызды мәселелер қамтылды. Соның ішінде мен Мемлекет басшысының Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің жұмысына қатысты айтқандарына тоқталғым келіп отыр.

Ең алдымен, Президент Қазақстан экономикасының пандемия дағдарысына байланысты ауыр кезеңдерді еңсергеніне ерекше мән берді. Бәріміз білеміз, былтыр індеттің салдарынан ел экономикасы біраз тұралап қалды.

Биыл енді-енді ес жиып келеміз. Былтырғы экономикалық жалпы пайда 3,5 пайыздан аспаған, биылғы көрсеткіш 4,5 пайызға жетіп қалды. Құрылыс, тау-кен, өңдіріс салаларының биылғы көрсеткіштері жаман емес. Мұның бәрі дағдарыс кезіндегі мемлекеттің дұрыс шешімдері мен қолдауының арқасы. Екіншіден, антикризистік шаралар, яғни шағын және орта бизнеске деген жанашырлық өз нәтижесін берді.  Сондай-ақ Президент «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдегенін нақты мысалдармен айтты.

Бағдарламаны жүзеге асыру барысында  3,5  мыңнан астам жоба іске қосылған,  70 мың жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңге болды. Бұл дегеніміз бізде осы бағдарламаға басқа альтернатива жоқ екенін білдіреді. Тағы бір айта кетерлік мәселе - Мемлекет басшысы жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшу қажеттігіне баса назар аударды. Су тапшылығын алдын алуға қатысты бірқатар тапсырмалар берілді. Қазіргі таңда біздің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің су тапшылығын жоюға қатысты бағдарламасы бар, әлі де қосымша шаралар қарастыруды жоспарлап отырмыз. Ал өңірлерді дамытуға қатысты айтар болсам, халықты ауыз сумен, жолмен, цифрлық технологиялармен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жалғасын табады деп ойлаймын.

Президент барлық саланың басшыларына нақты тапсырмалар берді. Енді тек айтылған мәселелерді іске асыру қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым халықтың әл-ауқатының жақсаруына мән беріп келеді. Мемлекет басшысының ең төменгі жалақы көлемін арттыруының өзі халықты ынталандыра түсті деуге болады.