Алаяқтарға картасын бергендер жауапкершілікке тартылады

Алаяқтарға картасын бергендер жауапкершілікке тартылады
Сурет: Inbusiness.kz

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі өткізген арнайы брифингте айтылды.

Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы мамандарының айтуынша, мұндай адамдар сыбайлас ретінде қарастырылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Себебі олар банк картасын, абонент нөмірін қолданысқа беру арқылы алаяқтық жолмен табылған ақшаны шығаруға көмектеседі.

Тіпті шотына келіп түскен қаражатты халықаралық төлем жүйелері немесе криптобиржа арқылы шетел асыруға көмектесетіндер бар.

«Алматыда өткен жедел іс- шара нәтижесінде 2 қылмыстық топ ұсталды. Олардың құрамында Ресей, Беларусь, Қырғызстан азаматтары мен отандастарымыз бар. Қазақстандықтар банк картасын рәсімдейтін адамдарды табумен айналысқан. Осындай алаяқтар басқа да аймақтарда бар. Сондықтан азаматтарды күмәнді ұсыныстарға келіспеуге шақырамыз. Ел бойынша алаяқтарға көмектескендер ұсталып, тергеліп жатыр. Олар заң бойынша жазаланады», - дейді ІІМ криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаев.