Алаяқтар елді қандай бағдарламалардың көмегімен құрығына түсіреді?

Алаяқтар елді қандай бағдарламалардың көмегімен құрығына түсіреді?
Сурет: Azattyq-ruhy.kz

Алаяқтар адамдарды алдау үшін AnyDesk және TeamViewer бағдарламаларын қолданады

Тәртіп сақшыларының айтуларынша,  желіде алаяқтық жиілеп кеткен. Алаяқтар өздерінің схемаларында үшінші тарап құрылғысына қашықтан қол жеткізуге арналған танымал және заңды бағдарламаларды пайдаланады. Мобильді банкинг дағдыларын толық меңгермеген азаматтарға зиянкестер «AnyDesk» және «TeamViewer» қосымшаларын жүктеуді ұсынады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Осылайша, олар мобильді құрылғыларға немесе компьютерлерге толық қол жеткізе алады, бұл азаматтардан ақша ұрлауды жеңілдетеді.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда ең көп таралған схемалардың бірі - банк қызметкерлерінің атынан қоңырау шалу. Көбіне алаяқтар колл-орталықтың ресми нөмірін қайталай отырып, банк карталарының қатысуымен қандай да бір күмәнді операцияларды жүргізу сылтауымен жаңылыстыруға тырысады.

Олар банк саласындағы білімдерін пайдалана отырып, пайдакүнемдік ниетінен өз құрбандарын асқан шеберлікпен шатастырады, бұл көбінесе жеке мәліметтерді иеленуге ықпал етеді. Ал аңғал азаматтар алаяқтарға банк карталарының, CVV-кодының деректемелерін және келіп түскен СМС-парольдерді береді, нәтижесінде ақшалай қаражатты шоттардан оңай аударуға әкеп соғады.

Банк картасын ұстаушылар алаяқтардың құрбанына айналмас үшін, деректемелер мен СМС-парольдер туралы мәліметтер сұрап банк қызметкерлері атынан келіп түетін кез келген қоңырауды дереу тоқтату қажет.

«Есіңізде болсын, банк қызметкерлері ешқашан мұндай мәліметтер сұрамайды және қоңырау соқпайды. Осындай жағдайларда сақ болуларыңызды және барлық фактілер туралы полицияға хабарлауыңызды сұраймыз» - деп атап өтті ПД криминалдық полиция басқармасы бөлімінің бастығы Талғат Бөлегенов.