«Alatay creative hub» жастар алаңына айналды

Ашылғанына бар-жоғы бір жарым ай болған мәдени орталыққа қазірдің өзінде 6000-нан астам адам жазылған. Тұрғындардың ерекше қызығушылығын оятқан бұл не орталық? «Алматы ақшамы» газеті сұраққа жауап іздеді.

2020 жылдың 15 желтоқсанында қаламыздың ең жас ауданында Универсиададан бері бос тұрған ғимарат ішінде «Alatay creative hub» атты алғашқы орталық ашылды. Содан бері мұнда суретшілер, түрлі жобалар көрмелері өтіп келеді. Аталмыш жоба – ел бойынша пилоттық жоба, болашақта осы секілді хабтар барлық қалаларда ашылмақ.

 Мүмкіндіктер мекені

 Хаб аясында 15 тегін үйірме жұмыс істейді. Ниет білдіргендерге ағылшын және түрік тілін меңгеруге, актерлік шеберлік, шешендік өнер, журналистика, цирк өнері мен вокал, поэзия мен айтыс өнерінің негіздері бойынша мастер-кластардан өтуге, шахмат ойнап, сурет салуға үйренуге мүмкіндіктер қарастырылған. Одан бөлек, этно-конструкторларды жинауға, дәлірек айтқанда кішкентай киіз үйлерді құрастыруды үйрететін мастер-кластар өткізілген екен, бірақ қазір бұл бағыттағы жұмыстар уақытша тоқтатылған.

«Хаб – шығармашылық адамдарының басын қосатын мәдени орталық. Барлығы жастар үшін, олардың бос уақыттарын жарық, жылы, әдемі жерде өткізулеріне бар жағдай жасалған. Алатау ауданында көбінесе жаңа отау құрған жастар тұрады. Балаларын ерткен ата-аналар көптеп келеді. Оларды үйірмелерге жіберіп, өздері кітап оқиды немесе коворкинг аймағында жұмыстарын жасап жатады. Бала қызметкерлердің жіті назарында болғандықтан, ата-ана еш алаңдамай пайдалы іспен айналыас алады. Біздің барлық қызметкерлеріміз – жоғары оқу орнын бітірген кәсіби мамандар, олардың 95%-ы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері», – деді «Alatay creative hub» басшысы Айман Нұразхан.

Орталық жанында кітапхана, коворкинг-орталық, тұсаукесер аймағы мен арнайы балаларға арналған ойын аймағы бар. Мұнда 20 қазаннан бастап өнер қайраткерлері, әртістермен, ақын-жазушылармен таныстырулар мен шеберлік сабақтарын өткізіле бастаған.

«Аудан тұрғындары жағымды жаңалықты жоғары бағалап, аса қызығушылық танытып келеді. Әсіресе, барлығы тегін екенін білгенде. Басында барлық үйірмелер мен семинарлар ақысыз өтетіне жерілікті халық сеніңкіремеді, бірте-бірте бой үйрете бастады», – деді «Alatay creative hub» PR-менеджері  Нұрсұлтан Жақсыген.

Пандемия күшейген сәтте концерттер мен үйірме сабақтары өткізілмеген. Алайда, уақыт өте келе барлық санитарлық нормаларды – бетперде режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып және бөлмедегі адам санын шектеу арқылы офлайн-режимде кездесулер ұйымдастырыла бастаған.

 Кез келген алматылыққа есік ашық

 Мегаполистің қай ауданында тұрмасаңыз да қалаған уақытта орталыққа келіп, тіркеле аласыз. Хаб – осындай қиын-қыстау уақытта кеңсе жалдауға мүмкіндігі жоқ кәсіпкерлерге де таптырмас шешім. Яғни «Alatay creative hub» – түрлі саладағы жандардың сұранысына жауап бере алатын бірден-бір шаңырақ. Мысалы, біз репортаж барысында вайн түсіріп жүрген блогерлерді көрдік.

Үйірмелерге 6000-нан астам бала тартылған. Мұнда аптасына бір рет қуыршақ театры келеді, балалар спектакльге қатысады. Хайуанаттар бағының қызметкерлері де келіп, кішкентай жануарларды әкеледі екен. Балалар үшін бұл – естен кетпес керемет демалыс. «Sheber home» шеберханасы иесі танымал Динара Қырықбаева болса, қолөнер бойынша шеберлік сыныбын көрсеткен. Балаларға арнап қалам тербейтін жас жазушылар да дес бермей,  мұнда  өздерінің кітаптарының тұсауын кесіп, шығармашылық кештерін жиі ұйымдастырады екен. Алдағы уақытта өткізілетін шаралардан қалыс қалмас  үшін әлеуметтік желілердегі парақшаны бақылап жүргеніңіз абзал.

 Мәдениеттілік жағы күмән тудырады

 Орталық басшысының айтуынша, адамдардың хабқа үй киімімен келген кезі де болған. Одан бөлек, кейбір ата-аналар шу шығарып, жиһазды бүлдіретін балаларға ескерту жасамайтын көрінеді. Көпшілік орындарда өзін дұрыс ұстауды білмейтіндер әлі де болса жетерлік болып шықты.  Әйтеуір қызметкерлер этикет ережелерін түсіндіруден шаршамайды екен. Қазір барлық келушілер ортақ тәртіпке үйренгенін Айман Нұразхан алға тартып, тегін дүние екен деп, келушілердің қалай болса солай қарамауына өтініш білдірді.

 

  • Тақырыпқа орай

Мен мұнда жұмыс істеуге ыңғайлы орта үшін келемін. Кез келген үстелге жайғасып, өз жұмысыңды бітіре аласың. Өзің сияқты іскерлермен танысуға болады. Мұндағы аура білім алуға, пайдалы іспен айналысуға өте қолайлы. Өкінішке қарай, маған бұл жаққа жету қиындық тудырады. Дегенмен, демалыс күндері таңнан кешке дейін осындамын.  «Alatay creative hub» ашылғаны жайлы білген сәттен бастап, мұндағы жаңалықтардан хабардар болып отырамын. «Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық» қой. Сол үшін осы жерге келіп тіркелдім», – дейді алматылық Әлішер Мүбәрак.

 IT-зертхана ашылады

 Айман Нұразхан алдағы жоспарларымен бөлісті. Жақын арада орталықтың екінші қабатында IT-зертхана ашу жоспарлануда, онда жас бағдарламашылар робототехникамен айналыса алады. Қазіргі уақытта музыкалық аспаптарда ойнау бойынша үйірмелер жүргізілетін студия құрылысы жүріп жатыр.

«Біз келушілердің риза болғанын қалаймыз. Мен өзім мастер-кластар ұйымдастырумен айналысамын. Әр кездесуден кейін алғыс естігенде, адамдар үшін одан да көп нәрсені жасағым келеді. Біз әрқашан қызықты және жарқын тұлғаларды іздейміз. Бірақ ондай азаматтарды шақыру оңайға түспейді. Дегенмен, көптеген қоғам қайраткерлері бізге қолдау көрсетеді», – дейді басшы.

Хабқа күніне 100-ден астам адам келеді. 31 мың кітап қоры бар кітапхана есігі әрдайым ашық. Коворкинг орталығында компьютерлерде жұмыс істеуге немесе ноутбукпен келуге мүмкіндік бар. Хаб демалыссыз 9.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Өзге ақпаратты @alataucreative.hub инстаграм парақшасынан білуге болады.

 

Динара МҰРАТ

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *