«Алатау Ақпарат» журналистерінің бастамасы қарқын алуда

Осы бастама қаламыздағы жүздеген ағашты сақтап қалуға септігін тигізді.

Alatay Aqparat журналистері бастаған Алматыдағы жасыл алқаптарды суару мен күтіп-баптау челленджі қарқын алуда. Бүгінде оған басқа да кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері, түрлі мамандық иелері, тіпті қарапайым азаматтар да қосылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Бұрын хабарланғанымыздай, ерекше ыстық күндері «Вечерний Алматы», «Алматы Ақшамы» редакциялары мен Almaty-akshamy.kz сайтының қызметкерлері Абай даңғылының бойындағы Журналистер аллеясына көшеттерді суаруға шықты.

«Алатау Ақпарат» қызметкерлері су құю эстафетасын Қазақстан Журналистер одағына тапсырды.

«Өткен жылдың күзінде Alatay Aqparat ЖШС қызметкерлері сүйікті қаламызды көгалдандыру аясында Абай даңғылының бойына ағаштар аллеясын отырғызды. Өздеріңіз білетіндей, биыл жаз өте ыстық болды, сондықтан біз ағаштарға су құяйық деп шештік. Біз жасыл алқаптарды суару бойынша челленджді бастадық және эстафетаны әріптесіміз - Сейітқазы Бейсенғазыұлы Матаевтың жетекшілігіндегі Журналистер одағына береміз», - деді «Алатау Ақпарат» медиахолдингінің бас директоры Төлеміс Күлмұхамедов.

«Алматы ақшамы» ағаштарды суару бойынша челленджді «Қазақ үні» газетіне, «Вечерний Алматы» «Новое поколение» газетіне ұсынды.

«Былтыр күзде ағаш отырғызу науқаны басталған кезде «Алматы ақшамы» газетінің редакциясы Абай даңғылының бойындағы мына ағаштарды отырғызған болатынбыз. Биыл мына аптап ыстыққа байланысты ағаштардың көбісі қурап кетудің алдында тұр. Сондықтан арнайы челлендж ұйымдастырып, ағаштарға су құйып, күтіп-баптау жұмыстарын қолға алдық. Челленджімізді жалғастыруды «Қазақ үні» газетіне табыстаймыз. «Қазақ үні» газеті оны қолдап, әрі қарай жалғастырады деген сенімдеміз», - деді    «Алматы ақшамы» газеті Бас редакторының орынбасары Әнуарбек Исламханұлы.

Біз туған қаламыздағы жасыл ағаштардың тағдырына бей-жай қарамайтындардың барлығын біздің челленджге қосылуға шақырамыз. Ол үшін аулаңыздағы, көшелердегі, жұмыс немесе оқу орындарындағы ағаштарға назар аударсаңыз жеткілікті. Қазір ол ағаштарға бұрынғыдан да көбірек күтім қажет.