Алатау ауданында қандай әлеуметтік нысандар салынады?

Алатау ауданында қандай әлеуметтік нысандар салынады?
almaty-akshamy.kz

Мегаполистің Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде мектептер, балабақшалар мен медициналық пункттердің салу жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz


Азамат Қалдыбековтың айтуынша, жыл сайын қарқынды дамып келе жатқан Алатау ауданында жаңа мектептер мен балабақшалар құрылысы сұранысқа ие. Мұнда жаңа шағынаудандар пайда болып, тұрғын үй кешендері салынуда.

«Біз үшін қала тұрғындарына жайлы өмір сүру жағдайын жасау ғана емес, сонымен қатар жас ұрпаққа заманауи білім беру үдерісін ұйымдастыру өте маңызды. Бұл мәселені жүйелі түрде шешіп жатырмыз. Әзірге ауданда 26 мемлекеттік және 2 жекеменшік мектеп бар, онда 47 060 адам оқиды. Оқушылар орындары жетіспейді, біз оны 7800 орындық 5 мектеп салу арқылы шешетін боламыз», - деді Азамат Қалдыбеков.

Саялы шағынауданында 1800 орындық, Томирис, Нұркент, Дархан, Рахат-Мәдениет шағынаудандарында әрқайсысы 1500 орындық жаңа мектептер пайда болады. Құрылыстың аяқталу мерзімі - 2022 ж.

Шапағат шағынауданында 600 орындық №150 мектептің жаңа ғимаратын салу жоспарлануда. Қазіргі уақытта жер телімдерін қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Шілдеде асхана, медиатека мен спорт залы орналасқан 125 орындық №166 мектептің қосалқы ғимараты пайдалануға берілді. Мектепке дейінгі мекемелерде орын жетіспеушілігі мәселесі шешілуде. Қазір Алатау ауданда 20 мемлекеттік және 153 жекеменшік балабақша бар. «2021 жылы 2 балабақша салу жоспарлануда. Нұркент шағынауданында 320 орындық және Саялыда 280 орындық балабақша салынады», - деп жалғастырды сөзін аудан әкімі.

Сондай-ақ, Азамат Қалдыбеков ауданда қандай медициналық мекемелер салынатынын айтты. Әзірге Алатау ауданында 5 мемлекеттік және 2 жеке медициналық мекеме жұмыс істейді. Барлығы 240 мың адам бекітілген. Ақбұлақ, Томирис, Түркістан, Шапағат, Рахат-Мәдениет шағынаудандарында 5 дәрігерлік амбулатория бар.

 «Біз медицина саласын қолдауға және алғашқы медициналық-санитарлық көмекті күшейтуге көбірек көңіл бөлуге тырысамыз. Басқаша айтқанда, сапалы медициналық қызмет көрсету және олардың қолжетімділігін арттыру мақсатында Саялы шағынауданында ауысымына 200 келушіге арналған бастапқы медициналық-әлеуметтік көмек орталығы салынады. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сонымен қатар Қарасу шағынауданында сол орталықтың құрылысына жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда», - деді Азамат Қалдыбеков.

Алатау ауданындағы Дархан шағынауданында қыркүйекте №25 қалалық емхана аумағында модульдік КТ орталығын орнату жоспарлануда.

Сөзінің соңында Азамат Қалдыбеков Нұркент шағынауданында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығы ғимаратының құрылысы басталғанын айтты.