Алатау ауданында 187 шақырым коммуналдық желі жаңғыртылды

Алатау ауданында 187 шақырым коммуналдық желі жаңғыртылды
Сурет: Liter.kz

Тұрғындарды орталық сумен жабдықтау және кәріз желісімен қамтамасыз ету аудан дамуының маңызды аспектісі болып табылады.

Бұл туралы Алатау ауданының тұрғындарымен кездесуде қала әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Былтыр "Ақбұлақ", "Шапағат", "Самғау", "Өжет" шағынаудандарында 187 км орталық сумен жабдықтау және кәріз желісін жаңғырту аяқталды.
Соның нәтижесінде Алатау ауданында орталық сумен қамту 70%-дан 80%-ға, ал кәріз желісімен қамту 55%-дан 67%-ға дейін артады.

"Самғау" және "Өжет" бойынша кәріз желісін толық іске қосу үшін бес канализациялық сорғы станциясын салу биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бұл қосымша 7,5 мың жеке тұрғын үйді сапалы сумен және кәріз жүйесімен қамтуға мүмкіндік береді. 

Биыл 170 км орталық желілердің құрылысы жалғасып, "Қарасу", "Шаңырақ-1" шағынаудандарында 2023 жылдың ІІ тоқсанында аяқталады. "Алғабас", "Әйгерім-1,2", "Боралдай" шағынаудандарында осы жылдың желтоқсанында бітеді. Барлығы 13 мың үй қамтылады.