Алатау ауданы: Автобус уақытылы жүріп, жарық берілсе екен

Алатау ауданы:  Автобус уақытылы жүріп, жарық берілсе екен
almaty-akshamy.kz

Алатау ауданының тұрғындары №115, №33 бағыт автобустары уақытылы, кесте бойынша жүрмейтініне шағымданады. Шаһардағы автобустардың жүру жиілігінің сақталмайтыны, қоғамдық көліктердің сол баяғы бей-берекетсіздігі тұрғындарды әбден мезі еткен көрінеді.

Көпір үстіндегі осы жолмен машина да, адам да өтеді. Бірақ ешқандай да «Жаяу жүргінші» белгісі қойылмаған.

«Біз шеткері аймақта тұрғандықтан ба, діттеген жерімізге жету үшін үйден 2 сағат бұрын шығамыз. Былтыр біз тұрып жатқан «Томирис» ықшамауданында жаңа аялдамалардың орны жасалды, бірақ әлі күнге дейін қолданысқа берілген-берілмегенін білмейміз. Аялдамаға барып автобус тоқтатсақ, бізді көзіне де ілмей өтіп кетеді», – дейді жергілікті тұрғындар.  

Осының кесірінен ықшамаудан тұрғындарының біразы бала-шағасымен көрші ауданның аялдамасына баруға мәжбүр. Бұл ретте №115 және №33 бағыт автобустарын жарты сағат күтуге тура келетін көрінеді.

 Айта берсе, ауданда шешілмеген мәселе көп. Былтыр ауданда бірқатар көшеге жарық орнатылған болатын. Алайда, бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Жаздың алғашқы күндерінен бастап, көшедегі жарқыраған шамдар өшіп, тұрғындарға біршама ыңғайсыздық тудырған. Жарық болмағандықтан, ата-аналар баласын ойнауға жібергісі келмейді. «Біреу-міреу алып кетсе, тас қараңғыда көрмей қалармыз» деген үрей бар.

«Жарық болғанда ойнап жүргендерін көзіміз көріп, аса қорықпас едік», – дейді тұрғындар. Сондай-ақ, «Томирис» ықшамауданының тұрғындары қалаға қатынау үшін ескі жолды жүріп өту кезінде бойларын қорқыныш билейтіндіктерін жеткізді.

Олардың айтуынша, жолда жаяу жүргіншілер жолағы не белгісі жоқ. Бейнебақылау да орнатылмаған. Оны білетін көлік жүргізушілері жоғарғы жылдамдықпен жүріп, тұрғындарды қағып кетуден еш тайынбайды. Оған дәлел, осыдан 2 жыл бұрын шамасында 60-ты алқымдаған қарияны қағып, мүгедектік күйге түсірген көлік көмектеспек түгілі, оқиға орнынан қашып кеткен. Осы тәрізді жол-көлік оқиғаларының салдарынан тұрғындардың бойын үрей билеп отыр.