Алатау қарттары қартаймайды

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Жақында Алатау аудандық ардагерлер ұйымының IV пленумы болып өттi. Пленум жұмысына аудан әкiмiнiң орынбасары М.Балбаева, қалалық Ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Е.Шайхутдинов және қала аудандарының ардагерлер кеңесiнiң төрағалары қатысты.

Пленумда Алатау аудандық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Құдайберген Қабдолдин баяндама жасады. Құдайберген ақсақал өзiнiң есептi баяндамасын бұл жолы ұйымның Алматыдағы Мәдениет жылына байланысты атқарылған мәдени және денсаулық пен ұзақ өмiр сүрудiң бiрден-бiр кепiлi – спорттық iс-шаралар бойынша жасады. Аудан жас болғандықтан ба, кiм бiлсiн, алатаулық қарттардың бойында айрықша бiр жастықтың лебi бар. Аудан бойынша өткiзiлiп тұратын кез-келген iс-шаралардың өнер көшiн, спорттық жарыстардың туын желбiретiп ең алдымен ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары шығады.

Аудан ардагерлерi тек өнер мен спортта ғана емес, қоғамдық өмiрде де белсендi. Әр ауылда ақсақалдар алқасының бастауыш ұйымы бар. Президентiмiздiң маңызды да жаңа бастамаларын, оның iшiнде жыл сайынғы халыққа Жолдауларына жедел үн қосып, өз пiкiрлерiн алдымен бiлдiруге асығып жататын да – осы Алатау ауданының ақсақалдары десек. артық болмас. Кеңес мүшелерiнiң жемқорлыққа қарсы «Нұр Отан» ХДП аудандық бөлiмiмен бiрге атқарып отырған жұмыстарын айрықша атап өтуге болады.

Республикамыздағы Ардагерлер қоғамының құрылғанына 25 жыл толуына орай атқарылған жұмыстары мен ұйымдастырылған iс-шараларының мән-мазмұны да өзгелерге үлгi боларлықтай. «Халықаралық қарттар» айлығын ұйымдастыруда да Алатау аудандық ардагерлер кеңесi өз белсендiлiктерiн таныта бiлдi. Айлық барысында ауданның барлық ықшамаудандарының Жергiлiктi өзiн-өзi басқару комитеттерi мен ақсақалдар алқасы төрағаларының ұйымдастыруымен түрлi мәдени, спорттық, қайырымдылық iс-шаралары өткiзiлдi.

Зейнеткерлер мен мүмкiндiгi шектеулi жандарға азық-түлiк себеттерi үлестiрiлдi. Емдеу мекемелерiне қарттар үшiн «Ашық есiк» күндерiн өткiзу жөнiнде ұсыныс бiлдiрген де – аудандық ақсақалдар алқасы. Ардагерлердiң көркемөнерпаздар байқауында да Алатау ауданы ардагерлерiнiң өнер аты бәйгеден озып келдi. Мұның бәрi, әрине, кеңес мүшелерiнiң өз жұмыстарын ұйымдастыра, үйлестiре алатынының нәтижесi болса керек. Қала бойынша өткiзiлген спорттық жарыстардан да құр қол қайтқан емес. Ал, ардагер-спортшылар аудан көлемiнде өткiзiлетiн iс-шараларда мәдени iс-шаралармен бiрге спорттық шараларға да белсене араласады. Қарттар айлығы кезiнде Алатау ауданындағы «Халық» спорт алаңында қарттар әртүрлi спорт ойындарының түрлерiнен жарыс өткiздi. Нәтижесiнде «Шаңырақ-1» ықшамауданының командасы жүлделi I орынды, «Заря Востока» ықшамауданының командасы II орынды, «Шаңырақ-2» ықшамауданының командасы III орынды жеңiп алған.

Алатау аудандық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Құдайберген Қабдолдиннiң баяндамасына құлақ түрген пленум делегаттары кеңестiң 2012 жылы атқарған жұмыстарына жақсы деген баға қойды. Пленумда қалалық Ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Еренғайып Шайхутдинов, Бостандық ауданының Ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Хамит Бiржановтар сөз алып, алатаулық замандастарының жыл бойы атқарған жұмыстары мен белсендiлiктерiне ризашылығын бiлдiрдi. «Белсендi ұзақ өмiр сүру» қағидасын қазық етiп ұстанып, салауатты өмiр салтын күнделiктi өмiр дағдыларына айналдырып отырған Алатау қарттары аудан жастарына осындай игiлiктi де iзгiлiктi iстерiмен үлгi-өнеге болуда.

Пленумда тентегiн тезге салар, адасқанды қайта түзу жолға бағыттап, жастарына «тәйт» дей алатын әр ықшамаудандардағы ақсақалдар кеңесiнiң жұмысын әлi де жандандыра түсу, кеңестер жанынан «Аналар» клубын, «Жастар қанатын» құрып, ауыл тұрғындарымен белсендi қарым-қатынаста жұмыс iстеу жоспарланып, кеңестiң пленум мүшелерi сайланды. Аудан ақсақалдары кеңес төрағасы етiп ауданға танымал, елiне елеулi Құдайберген Қабдолдиндi қайта сайлады.

Пленум жұмысын аудан әкiмiнiң орынбасары М.Балбаева қорытындылап, ақсақалдар алқасының жұмысына қанағаттанарлық деген баға бердi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *