Алаштың ақмаңдайы

Алаштың ақмаңдайы
kaz.tengrinews.kz

Биыл күміс көмей әншіміз  Роза Бағланованың  туғанына – 100 жыл!

Әлеуметтік желілерде Роза апамыздың өнерін дәріптеу мақсатында түрлі хэштегтер пайда бола бастады. Қала берді, жастардың арасында танымалдыққа ие Тик-ток әлеуметтік желісінде ескі әндер жаңа музыкаға нақышталып айтылып жүр. Бұл – қуантарлық жаңалық. Себебі, әуендерді алыс-жақын шетелдің азаматтары да ұйып тыңдап, өз сезімдерімен бөлісуді ұмытпайды. Сондай- ақ, танымал тұлғалар әнмен үндесетін бейнероликтерін жүктеуде. Осы ретте Роза Бағланованың шырқаған әуендерінің тарихына шолу жасаған едік.

«ЖАДЫРАШЫ, НАЗДАНШЫ, ЕРКЕЛЕШІ»...

Қайталанбас әнші ғұмырнамасында өзіне арнап жазылған әндер туралы: «Елу жылдан аса уақыт бойы сахна төрінде талай әндердің тұсауын кестім: «Ақкөгершін», «Менің Қа­зақстаным», «Бейбітшілік туы берік қолда», «Жасасын, совет халқы!», «Ақмаңдайлым», «Жан құштарым», «Туған айдай», «Қайық­та», «Маржан қыз», «Жайлау әні», «Махаб­бат вальсі», «Айналайын», «Асыл арман», «Аяулым, арманымдай асылым ең», т.б. ән­дерді тыңдаушы халық алғаш рет менің орындауымда тыңдады», – деген екен. Расы­мен-ақ, кеңес заманында қазақ әйелдерінің арасында ержүректілігі мен әншілігін қатар алып, соғыс кезінде де шырқата ән салған Роза апамыздың өнегелі өмір жолы бәрімізге аян. Шәмші ағамыздың «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым» әндері біздің құлағымызда Роза апайдың орындауында мәңгі сақталады. Ендігі кезекте сол әннің тарихына тоқтала кетсек. «Көк майса Алатаудың бөктерінде, Гүл тердік жастық шақтың көктемінде» деп басталатын өлең жолдарын көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаев жазған. Әннің мәтініне көз салсаңыз, сол кездердегі ер-жігіттің мі­незділігін, сұлу қызды «Балтаңдайлым» деп еркелете отырып, өз жүрегінің қалауын білдірген сәттерін байқатады. Өлең естіген құлаққа жеңіл, романтизмге толы, әсіресе, ырғағымен шоқақтайтын вальске сайма-сай. Қайырмасында келтірілетін «Жақсылықтың жоқ сəулем, ерте-кеші, Жадырашы, наздан­шы, еркелеші» деген тұстары ұяң қазақ қыз­дарына қылықтарыңды көрсетші дегендей. Осындайда «Қыз қылығымен көрікті» деген сөздер ойға оралады. Қазіргі уақытта бұл сөздерді қарапайым әңгімеде де көрнекілік ретінде пайдалануда десек, артық айтпағаны­мыз болар. «Айналдым, ақмаңдайлым» деп танылған әнді орындау туралы ұсыныс қалай түскені жайлы апайдың өз айтқандарын тауып алған едік.

«Мен Шәмшінің жазған әндерін сүйіп айтамын. Енді «Ақмаңдайлым­ның» оқиғасын айтайын. Бір күні Шәмші ініміз Мұзафар Әлімбаевпен «Ақмаңдайлым­ды» алып келіпті. Келгеннен кейін күйсан­дықта ойнай бастады. Тыңдадым. Тыңдап едім, маған өте қатты ұнады. Сөйтіп 1-2 күннің ішінде радиоға жаздырдық. «Ақмаң­дайлым» халықтың сүйіп айтатын әні деп айтсам, жаңылғаным болмас. Қазақ тілін біле бермейтін елдерде осы әніміз кеңінен таны­мал бола бастады. Енді қазір Қалдаяқовтай композиторлар – халықтың жанын табатын, жазған әуені өте әсерлі болатын жандар аз ғой. Мұзафар екеуінің бұл туындысы мәңгілік ел жадында сақталады деген ойда­мын», – деген екен Роза апайымыз бір сұхбат­тарында.

«ДҮНИЕДЕ САҒАН АРУ ТЕҢ КЕЛГЕН БЕ?»

Осы «Ақмаңдайлымның» ізінен іле-шала композитордың «Ақсұңқарым» деген әні жарқ ете қалды. Мұнда ол қазақ қызының өзі ұнатқан жігітіне деген ыстық ықыласын, сүйіспеншілігін, өзінің ер-жігітке қоятын талап-тілегін, қиялындағы шарттарын, мақ­сат-мұратын музыка тілімен жеткізуге, білді­руге ұмтылады. Екі өлеңде де сезімнің нәзік тұстары бейнеленеді. Қыз бен жігіттің бір-біріне айта алмаған, іштей лаулаған ғашық­тық сөздері дермісіз. Мәселен, «Ақмаңдай­лымда» айтылатын мына бір шумақтарға тоқтала кетсек.

«Сен» деген ыстық сөзің артық еді,

Өзіңе іштей мені тартып еді.

«Сіз» деген салқын сөзден қорқамын ғой,

«Сен» десең көңіл қайта шалқып еді», – деген ер-жігіттің сөздеріне «Ақсұңқарымда» жақсы жауап қайтарылады.

«Сіз» деген әзіл сөзден шошып қалсаң, Сен дейін баяғыдай, ақсұнқарым!», – деп, жігіттің мерейін асыра сөйлейді. Әрине, бұл жәй ғана сәйкестік болар. Себебі, екі әннің авторы екі түрлі адам. Бірі Мұзафар ағамыз болса, ендігісі Төлеген Айбергеновтікі бола­тын.

Бұдан бөлек, Роза Бағланованың орын­дауында аса танымалдылыққа ие болған ән­дер де жетерлік. Солардың бірі де бірегейі, ақын Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған, композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Әдемі-ау» әні. Бұл шығарма әдеміліктің сиқырымен үндескен. Ескендір ағамыздың жан-жарына арналған әсем әуендерінің бірі еді. Роза апамыздың ерекше ырғағымен бас­талған ән жүректі елжіретіп, махаббаттың сазды балына тербейді. Әнді тыңдай отырып, сол кездердегі шыт көйлегінің етегі желбіре­ген ақсары, қараторы, бидайөңді, көрікті қа­зақ қыздары еске оралады. Сол қыздарымыз­дың еркелігін, назын әсем жеткізе білген жігіттерді айтсаңызшы. Оны әннің мына бір шумақтарынан байқауға болады.

«Өзің ғой өміріме сән берген де,

Дүниеде саған ару тең келген бе?

Сәулем-ау, сен келесің, көз алдыма,

Ақ қайың самал желмен тербелгенде», – деген өлең жолдары қыз баласы өмірінің бір бөлшегіне айналғанын, ол аруды шын жү­регімен сүйгендігін жеткізіп тұр. Қазір қарап отырсаңыз, әндердің біразы мағынасыз, мәнсіз жазыла бастаған. Ер-жігіттің қыз ба­ласына сезімін білдіруі, еркелетуі ерсі сөз­дермен беріле береді. Тіпті, «сүйгенім сон­шалықты, өзіме қол жұмсауға дайынмын» дегендей, ессіз әңгімелер де арасында өріп жүреді. Соны жазған жас ақын-жазушылары­мыз осы бір өткен күндердегі әндердің сөз­деріне құлақ салса, бір ғанибет болары сөзсіз. Енді әңгімемізді Ескендір ағамызбен Роза апайдың қалай танысқандығымен жалғас­тырсақ. Бұл туралы композитор Ескендір Хасанғалиев Роза Бағланованы еске алу кон­цертінде айтып кеткен екен.

«Роза апайға жақындаудың өзі қиын болды. Өйткені, біз ауыл балалары ұялшақ болатынбыз, өздеріңіз білесіздер. Былай, алыстан ғана сыйласып жүреміз. Әлі есімде, мына «Қазақ радиосын­да» мен музыкалық редактор болып қызмет істедім. Радиода «Ерден атайдың ертегісі» деген ертегінің алдында бір ән айтылуы ке­рек екен. Сол әнді жазу маған тапсырылған еді. Енді алғашқы қадамым, бұл әнді кімге берсем, оны ойнақы қылып кім айта алады деп ұзақ ойландым. Осылайша Роза апай есіме түсті. Шіркін-ай, сол кісі жақсы келті­ретін еді деп ойладым. «Кел балалар тұрмаң­дар, Бізде қызық думан бар», – деп, ойнақта­тып апамның айтатыны, даусы, бейнесі көз алдыма келеді. Сосын, тәуекел деп «Қазақ­концертке» бардым. Күтіп жүріп, машинадан түскенде, «Апай, сәлеметсіз бе! Мен Ес­кендір деген ініңіз боламын. Мына «Қазақ радиосының» редакторы едім», – дедім. Со­дан не керек, «Иә, жаным, айналайын» деп, бірден бауырына баса бастады. Мен де еркінсіп кеттім. «Апай, менің жазған алғаш­қы туындымның бірі еді, балаларға арналған. Сол бір ән сіздің даусыңызға келетін тәрізді» дедім. Ол кісі болса, «жүр, айналайын, кө­рейін» деп, бір класқа апарып, «күйсандықта ойнап берші» деп тыңдады. «Мынау менің даусыма расымен-ақ лайықты екен, айта­мын» деді. Содан радионың студиясына келіп жаздырдық. Осылайша біз таныс бол­дық. Кейіннен апамызбен жақсы араласып кеттік. Мен жазған бірнеше әнді нақышына келтіріп орындады. Ол кісі маған өнерде әп­келік көмегін аямаған еді», – депті Ескендір Хасанғалиев.

«ӨЗІМДІ ХОР ҚЫЗЫНДАЙ СЕЗІНЕТІНМІН»

Қазіргі уақытта жаңаша леппен айтылып жүрген «Бәрінен де сен сұлу», «Сәулем-ай», «Іңкәрім-ай», «Ақтамақ», «Сыр гүлі» туын­дыларын әу баста Роза Бағланова орындаған­дықтан, әуені мәңгі есімізде сақталды. Кейінгі жылдары орта буын, жас толқын өз нақыштарына келтіріп орындап жүргені көңіл қуантады. Бұл дегеніміз есті, мәнді өлеңдердің өшіп қалмай, ұрпақтар арасында өз жалғасын тауып жатқандығын көрсетеді.

Маған Роза Бағланованың орындауында­ғы «Айналайын» әні ерекше қатты ұнайды. Ең алғаш тілім шыға бастағанда «Айнала­йынды» айта бастаған екенмін.

«Жарқын құшақ жайған айым,

Ниетіңе сай болайын.

Мені сүйген жүрегіңнің

Лүпілінен айналайын», – деп, 4-5 жасым­да әннің осы бір шумақтарын тебіреніп айта­тын едің деп ата-анам күле еске алады. Расы­мен-ақ, қазіргі уақытта бірінші есіме осы әуен оралады. Әннің сөздеріне көз жүгірт­сем, ғашық жанның жан тебірентер сөздері шебер айтылады. Осындайда ән арқылы ма­хаббаттың ұшқынын нәзік, таза күйде жеткіз­сеңіз, қай заманда болмасын, ол ешқашан өшпейтіндігіне көзіміз жетеді. Тек лаулап, жанданып, жаңара береді. Өнер құдіреті де­ген, міне, осы болар! Совет одағы кезінде қазақ қыздарының жарқын бейнесін қалып­тастырған Роза Бағланова өнер жолында ұлттық киімдерімізді де әспеттеп жүрді.

Әнші Будапештке барғанда, үлбіреген дүрия жібектен тігілген көйлек киіп, әннің әуенімен қозғалған сайын, көйлек майда самал соққан­дай тербелгені айтылып жатады. Осы бір са­парда қалай киінгендігі жайлы әнші өз сұхба­тында былай деп айтқан екен: «Белдің қыналып келген тұсына кемер белдік тақтым. Белдік таза күмістен жасалып, алтынмен ап­талған. Сол біркиер көйлекті кигенде, қуыр­шақтай болып жайнап шыға келетінмін. Ба­сымда үкіленген барқыттан тіккен тақия. Тақия небір асыл тас, алуан маржанмен көмкерілген. Шағын қызыл пүліштен тігіл­ген қамзол. Көйлек ашық сарғыш, қызыл қамзол. Қамзолдың екі өңірін жиектей жүргізілген әшекей қымбат тастармен оюла­нып, жібек кестемен айшықталған. Осы киімде өзімді хор қызындай сезінетінмін. Бір мақтаныш сезімі менің көңілімді шарықтата жөнелтетін», – депті.

Құлағымызда әсем дау­сы, көзімізде үлбіреген ержүрек бейнесі қа­лыптасқан апамыз біздің жадымызда мәңгі сақталады. Алаштың ақмаңдайлы аруы атан­ған Роза Бағланова өнер майданында өшпес із қалдырды.