«Ала қанат» амалы

«Ала қанат» амалы
phonoteka.org

«Қараша – қауыс, кәрі-құртаңды тауыс» деген үрейлі амал басталды

Қаракүз – күздің ақырғы айы. Бұл айды қазекең жамау-жасқау айы деп атаған. Себебі, қарашаның әр күні немесе әр аптасы әр айға ұқсайды.Күз амалдарының біразы артта қалды. Өткен пайымда айтқандай, бүгіннен бастап «Бозқырау» (Боқы­рау) амалы басталды. Ол қыстың алғашқы нышаны.

Бұрынғы жұлдызшылар осы амалға қарап алдағы қыстың қас- қабағын, мінезін, барысын пайым­даған. Қарашаның 10 жаңасынан 15 жаңасына дейін жалғасатын осы амал нағыз қыраудың өзі, суықтың көзі.

Биыл да өткен жылғыдай, ерек­ше табиғат құбылысы орын алып тұрған жоқ. Бірлі-жарым жел мен жауын-шашын көрініс бергенімен, салқын, ызғар болған жоқ әлі. Ал­матының өзінде болмағанмен, төңі­регіне қар ұшқыны, боз қырау түсті. Мұны қазекең «Ала қанат» деп атаған (бір аумаққа жауып, бір аумаққа жаумай жерге ала түскен қар). Дегенмен, 8 қарашада үздіксіз жаңбыр жауып, соңы қарға айнал­ды. Бұл Алматы қаласы мен төңі­регін түгел ақ ұлпаға бөлеген ал­ғашқы қар болды. Алайда, оның ұзақ жатпасы да айқын...

Бүгін қолданыстағы күнтізбе қарашаның 10-ын көрсетіп тұр. Ал ай есебі бойынша, қарашаның 13- ші жұлдызы. Қазақы есепке (ескі­ше) сүйенсек, айдың басталуына әлі 1 күн бар. Алдағы апта осындай қарбаласы көп кезге дөп келіп тұр. Оның үстіне жоғарыда айтқаны­мыздай, «Бозқырау» амалы жүріп жатыр. «Ала қанат» амалы да көрініс берді. Осы мезгілде ауа ра­йында өзгеріс орын алуы ғажап емес. Қабаттасқан амалдардың әсерінен жауын-шашын болмаса да, аспанды бұлт торлап, күн көзін тұмшалайды. Күн де суыта бастай­ды. Әсіресе, таңғы салқын алматы­лықтарды дірдек қаққызары әбден мүмкін...

Алда «Қауыс», «Ақ қар», «Үл­кен қараша» бар. Бұлардың бәрі қыстың алғашқы хабаршысы іспетті өзімен бірге қар, дауыл, ызғар ала келетін қаһарлы амалдар. Сол се­бептен, алдағы суықтарға шыдамай­тын кәрі-құртаң, көтерем малдарды сойып, күз-соғым жасайды. Ел ішінде «қараша – қауыс, кәрі-құр­таңды тауыс» деген мақал сақтал­ған. Қазекең қараша айын Қауыс деп те атаған. «Қараша келмей, қар жаумас» деген бұрынғы табиғат та­мыршыларынан қалған тәмсіл бар...

Аспан денелерінің қазіргі қи­мыл-әрекетіне назар аударатын болсақ, алдағы апта (10–17 қараша аралығында) ауа райы құбылмалы көрініс көрсеткенімен, жауын-ша­шынсыз өтетін сыңайлы.