Алғыс айту – парызым

Рая ЕСКЕНДІР
Алатау ауданындағы «Ұлжан-1» ықшамауданына орналасқан №152 мектеп-гимназияның Дана Қалғанбаева жетекшілік ететін 5 «г» сынып оқушылары осындай атпен керемет кеш өткізіп, жұртшылыққа қуаныш сыйлады.
Қазақта «алғыс алған арымас» деген бір жақсы сөз бар. Сондықтан біз әрбір атқан таңымыз үшін, мына өмірді сыйлаған ата-анамызға, Жер-Анаға, табиғатқа, көкке, Күнге бәріне алғыс айтуға тиіспіз. Елжіреген күннің жып-жылы сәулесі, табиғаттың түлеген сәтінде өткен кештің тақырыбы да соны меңзеп тұрғандай.
Барлық тіршіліктің бастауы болған көктем мерекесімен құттықтаған мектеп басшысы Рима Сабыржанқызы осынау әсерлі кештің тақырыбы төңірегінде ой қозғап, алдағы Наурыз мерекесімен құттықтады. Оқушылар да өздерінің ұстаздарына, ата-аналары мен сүйікті мектептеріне деген алғыс сезімдерін білдіріп, өздері шығарған өлеңдерін оқып, балғын бояу арқылы бейнелеген әдемі суреттерін ұсынды. Осылайша өткен Көктем мерекесі көпшіліктің көңілінен шықты.