Ақшаны инфляциядан сақтандырудың сенімді жолдары қандай?

Ақшаны инфляциядан сақтандырудың сенімді жолдары қандай?
Сурет: Ruh.kz

Бұл сауалға министр жауап берді.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қазақстандықтарға қолда бар ақшасын теңге депозиттерінде сақтауға кеңес берді, деп хабарлайды  Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Экономикаға жауапты министр ретінде айтыңызшы, қазақстандықтар осындай құбылмалы кезеңде қолдағы ақшасын инфляциядан қалай сақтандыруы керек?», - деп сұрады БАҚ өкілі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

«Артық ақша көп болса, әрине, брокерлер арқылы шетелдегі жылжымайтын мүлікке инвестициялауға болатын еді. Бірақ, қазақстандықтар үшін ең қарапайым тәсіл ақшаны теңгедегі депозиттерде сақтау шығар. Өйткені бұл - ең қарапайым жол. Оның мерзімдік және мерзімдік емес депозиттері бар. Өзің ол ақшаны дәл қазір пайдаланбайтын болсаң, осылай айналдыруға болады. Неге теңгемен сақтау керек дегенге келсек, өйткені мөлшерлемесі долларға қарағанда әлдеқайда жоғары. Доллардың қымбаттайтынына сеніп отырып та ақшаны жоғалтуға болады. Бізде доллардағы депозиттерге 1 пайыз көлемінде ғана жылдық мөлшерлеме белгіленген. Сондықтан теңгедегі депозитте сақтауды ең бір қарапайым жол ретінде айтып отырмын», - деді министр.

Сондай-ақ, ол брокерлер қызметіне жүгінгендер болса, ақшаны әртараптандырып инвестициялау маңызды екенін ескертті.

«Бізде қаржылық құралдар баршылық. Артық ақшасы бар адам қаржы нарығынан хабары аз, қарапайым жан болса, сенімді брокерлер арқылы активтерін әртараптандырып сақтау керек деп ойлаймын», - деді Әлібек Қуантыров.

Айта кетейік, Ұлттық экономика министрі Қазақстан аумағынан заңсыз шығарылған капитал 100 млрд доллардан асуы мүмкін екенін айтты.