АҚШ-та қысқы дауылдан 50 адам көз жұмды

АҚШ-та қысқы дауылдан 50 адам көз жұмды
Сурет: Bigpicture.ru

АҚШ-та 1,8 миллионға жуық үй жарықсыз қалды.

АҚШ пен Канадада қатты дауыл салдарынан кем дегенде 50 адам қаза тапты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, АҚШ-та дауыл 46 адамның өмірін қиды. Канаданың Британдық Колумбия провинциясында автобус көктайғақ жолда аударылып, тағы төрт адам қаза тапты.

АҚШ-та қаза тапқандардың 18-і Нью-Йорк штатындағы Буффало қаласының тұрғындары. Өңірдегі дауылдың құрбандары көлікте қалған адамдар болды.

Ұлттық ауа райы қызметі 25 желтоқсанда Буффало әуежайында 1,2 метрге жуық қар жауғанын хабарлады.

Демалыс күндері Нью-Йорк губернаторы Кэти Хочул штаттың көптеген жедел жәрдем көліктері мен өрт сөндіру көліктері қар астында қалып қойғанын айтты.

Буффало полиция департаменті қарда жүретін көлік иелеріне іздеу-құтқару жұмыстары бойынша көмек сұрап, онлайн үндеу жариялады.

АҚШ-та 1,8 миллионға жуық үй жарықсыз қалды, мыңдаған рейстер тоқтатылып, кешіктірілді. Канадада кем дегенде 140 000 үй электр қуатынсыз қалды.