АҚШ Конгрессі Украинаға «Ленд-лиз» бағдарламасын бекітті

АҚШ Конгрессі Украинаға «Ленд-лиз» бағдарламасын бекітті
Cурет: 24.kz

Қазір әрбір минут маңызды

Конгресс Украинаға қару-жарақты жеделдетіп жеткізуге мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап. 

2022 жылы Украинадағы демократияны қорғау үшін «Ленд-лиз» деп аталатын құжатты өкілдер палатасының 417 мүшесі қолдап, тек 10 конгрессмен қарсы шықты. Заң президентке Украинадағы соғыс аяқталғанша Киевке қорғаныс құралдарын, яғни әскери техника мен қару-жарақты уақытша қолдануға немесе жалға жеңілдетілген рәсіммен жеткізуге мүмкіндік береді. Бағдарлама алғаш рет Екінші дүниежүзілік соғыста фашистік Германиямен шайқасқан одақтас елдерге көмек беру үшін қолданылған. Қазіргі жобада бірқатар шектеу алынып тасталған. 

«Украинаға демократияны қорғау үшін «Ленд-лиз» заңы бойынша бастапқы бағдарламаға өзгерістер енгізілді. Яғни президентке аса қажетті қорғаныс құралдарын жіберу үшін көп уақыт алатын талаптар алынып тасталды. Біз бұл заң арқылы үкіметтің тезірек қимылдап, Украинаның қауіпсіздік күштерін нығайтып, Ресей басқыншыларына тойтарыс беруге, бейбіт тұрғындар мен демократияны қорғауға мүмкіндік береміз. Қазір әрбір минут маңызды. Қолға алып жатқан шаралар көп адамның өмірін сақтап қалуға көмектеседі деп сенеміз»,- АҚШ өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси.